ШҚО Риддер қаласындағы жылу электр орталығын жөндеуге қажет қаражат 100% бөлінді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Риддердегі жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізу үшін 11 мердігермен келісімшарт жасалып, 280 адам тартылған.
Жақын арада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандар саны тағы 40 адамға көбейеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов мәлім етті.
«Туындаған мәселелерді талқылайтын техникалық кеңес жұмыс істеуде. Оның құрамына ЖЭО мамандары мен мердігер ұйымдардың өкілдері кірді. Қаржы және басқа да ресурстар жеткілікті. Жөндеуге қажетті қаражат республикалық және облыстық бюджеттерден толықтай бөлінді. Енді жұмыс қарқыны арттырылады», – дейді ол.
Қазіргі уақытта барлық алты қазандықта (үш жоғары қысымды және үш орташа қысымды қазандық) күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.Тозығы жеткен жабдықтар ауыстырылып жатыр.Қазандықтарға қажетті құбырлар дайын. Материалдар қатаң түрде кестеге сәйкес жеткізілуде.
Айта кетейік, осыған дейін Риддер қаласының жылу жүйесі 8,5 млрд теңгеге жуық қаржыға жөнделетінің айттық.