Тамызда Ұлттық қордан 750 млн-нан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сату жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк таратқан хабарламада айтылады. Жалпы, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі шілде айында 122 млн-нан 146 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ал сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Шілденің қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,89 теңгеге дейін 1,4%-ға нығая түскен. Банк мәліметтеріне сенсек, өткен айда квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімді шамамен 195 млн АҚШ долларына сатқан.
Ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шілдеде 591 млн АҚШ долларына валюта сатылан. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын және күніне 30 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде болған.
«Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықта бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Шілде айында Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алған. Оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 8%-ын құрайды.
Сонымен бірге Ұлттық Банк өткен айда валюталық интервенциялар жүргізбеген. Алдағы айға қатысты банктің болжамы бойынша Ұлттық қордан 750-800 млн доллар сатуды көздеп отыр.
«Тамызда Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Тамызда Ұлттық Банк қажетті трансферттер сомасы бойынша Ұлттық қордан 750 млн-нан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды алдын ала жоспарлап отыр. Ол Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде жүзеге асады. Тамызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 200 млн-нан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтіледі», делінген хабарламада.
Активтерді сенімгерлік басқару аясында Ұлттық Банк тамыздан бастап 2023 жылдың соңына дейін «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ активтерінің валюталық үлесін біртіндеп ұлғайтады. ҚДКҚ-ның шешіміне сәйкес, арнайы резерв портфелінде шетел валютасындағы активтердің үлесі 15%-ға дейін ұлғаяды. Жыл соңына дейін шашамен 140 млрд теңгеге валюта сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде тамызда 50 млн-нан 100 млн АҚШ долларына дейін сатып алынады.
«Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.