Жаңалықтар

1,3 млрд теңге тұратын акцизі төленбеген темекі қоймасы анықталды

Фото: kursiv.media

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті акциздік төлемсіз астыртын сатуға арналған 2 млн аса шетелдік темекі қораптары сақталған қойманы анықтады, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

«Тергеп-тексеру барысында темекі өнімдерінің құны 1,3 млрд теңгені, ал төленбеген акциз сомасы 580 млн теңгені құрайтыны анықталды. Қылмыстық іс сотқа жолданып, темекі өнімдері ел аумағында сатуға жарамсыз болғандығына байланысты және техникалық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жойылды», делінген баспасөз хабарламсында.

Қаржылық мониторинг агенттігі ел азаматтарының денсаулығына зиян келтіретін қылмыстарды анықтау және жолын кесу жөніндегі белсенді жұмыстарды одан әрі жалғастырады.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған дейін ҚМА аумақтық департаментінің қызметкерлері Шымкент қаласында аса ірі көлемде жалған шетел валютасы мен есірткі заттарын сатумен айналысқан бір топ тұлғалардың заңсыз әрекеттерін анықтап, жолын кесті.

Тінту кезінде жалпы құны 23 100 АҚШ долларын құрайтын жалған банкноттар, сонымен қатар жалпы салмағы 6 кг болатын оралған гашиш табылып, тәркіленген.