Алатау ауданындағы өрт кезінде халық дүрбелең салдарынан балконнан секірді, егер өрт кезіндегі ережелерді сақтаса, секірмей құтқарушыларды тосуына болар еді, деп мәлімдеді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков.
«Адамдардың секіруіне қатысты айтар болсақ, адамдар астыңғы қабаттардан, яғни 5-6 қабаттан секірген. Кешегі өртте өздеріңіз білесіздер, қатты дүрбелең болды. Бұған қатысты біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай жағдайда адамдар балконға шығып, есіктерді жауып, саңылауларды дымқыл матамен бекітуі керек болған. Бұл балконға түтіннің шықпауына және сырттан таза ауаның келуіне септесер еді. Сонымен бірге сабыр сақтап, балконда құтқарушыларды тосу қажет болған. Өйткені үйдің сыртқы фасады өртенбеді. Ғимарттың ішін қою түтін басты. Сол себепті секірмей күткені дұрыс болар еді деп айтқым келеді», деді ол.
Департамент басшысы кешегі өртке байланысты екі қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Біріншісі өрт ережелерінің сақталмауына қатысты болса, екіншісі өрт кезіндегі кісі өліміне қатысты.
Сонымен бірге департамен өкілі жағдайдың күрделілігіне қарамастан 200 адамды эвакуациялап, 80 адамды құтқару мүмкін болғанын айтты.
«Оқиға орнына көмек тез жетті. Десе де, көлік кептелісі мен, шағын ауданға кірер жолдардың тарлығы мен көліктер кедергісі жағдайды біршама қиындатты. Бірақ өрт сөндірушілер 80 адамды құтқарып үлгерді. 35 адам құтқару қалпағының көмегімен құтқарылса, 16 баланы құтқарушылар үйден көтеріп алып шықты. Арнайы автобаспалдақтар арқылы 25 адам құтқарылды. Өздеріңіз көргендей құтқару жұмысына құрылыс краны да жұмылдырылды. Оның көмегімен 20 адам құтқарылды», деді Ерлан Әлібеков.
Құтқарылған адамдардің ішінен 42 адам ауруханаға жеткізілген. Оның 38-і түтіннен уланған. Иіс тиген 22 адам ауруханаға жатудан бас тарып, үйіне қайтарылған. Ал 1 адам қайтыс болды. Секіру кезінде алған дене жарақаттарынан қайтыс болған.
«Секіру барысында алған жарақаттарына байланысты бір адам қайтыс болды. Сол себепті біз халықты өрт кезінде, әрбір адамнан тиісті ережелерді сақтауын сұраймыз. Ол ережелерді барлығы білуі керек», деп ескертеді құтқарушылар.
Департамент басшылығы сонымен бірге құтқару жұмыстарына басқа жағдайлардың кедергі келтіргенін айтты.
«Біріншіден біз автобаспалдақтарды орналастыру кезінде қиындықтарға тап болдық. Арнайы кіреберістің жоқтығынан ғимаратқа өрт сөндіру көліктері жақындай алмады. Біз бордюрларды бұзып кірдік. Бұл да құтқару жұмысының жылдамдығына өз кесірін тигізді. Екіншіден, авариялық баспалдақтар арнайы түтін кіргізбейтін есіктермен жабылуы керек болған. Ол өрт кезінде арнайы «доводчиктер» көмегімен автоматты жабылуы тиіс еді. Бірақ ол есіктер жабылмай қалған. Соным бірге өрт кезінде қою түтінді сыртқа шығаратын арнайы жүйе жұмыс істеуі керек. Алайда ол жүйе кешегі өртте мүлде жұмыс істемеді. Егер бұл жүйе жұмыс істесе мұндай қою түтін баспас еді», дейді маман.
Сонымен бірге балкондардағы екінші авариялық жолдардың құлыптаулы болғаны да жағдайды қиындата түскен.
«5 қабаттан жоғары екінші авариялық құтқару жолдары болады. Бұл ғимаратта ондай жолдар болды. Бірақ барлығы жабық болды. Егер де олар ашық болса адамдар 5 қабатқа дейін сол авариялық саты арқылы түсіп, бұл құтқару жұмыстарын жеңілдетер еді», дейді департамент басшысы.
Жалпы құтқару жұмыстарына ТЖД-50 қызметкері, 14 бірлік техника, Полиция департаментінің 40 қызметкері мен 11 бірлік техникасы, құтқару қызметінің 12 қызметкері мен 6 бірлік техникасы,
жедел медициналық көмек қызметінің 69 қызметкері мен 23 бірлік техникасы жұмылдырлған.
Сонымен бірге Ерлан Әлібеков құтқару жұмыстарына қарапайым азаматтардың да араласып көмектескенін айтты. Соның ішінде түрік компаниясының құрылыс краны мен құрылыста жүрген түрік азаматтары көмектесіп, адамдардың өмірін арашалап қалуға септескен. Оларға департамент басшылығы арнайы алғыс хат дайындап жатыр.
Еске сала кетсек, 1 тамыз күні Алматы қаласында 16 қабатты үй өртеніп, салдарынан тұрғындар терезеден секіре бастады.
18:46-да ҚР ТЖМ баспасөз қызметі өрттің оқшауланғанын хабарлады. Ғимаратта 1 және 16 қабаттағы электр кабельдері өртенгені белгілі болды.
Алматы әкімдігі «Ақкент» ТК өрт кезінде қайтыс болған Әсел Бекмұхамбетованың отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Алатау ауданы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, қаза тапқан жанның денесін тасымалдауға жәрдем көрсететін болады.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, өрттен зардап шеккендер саны 49 адамғ жетті. Олардың арасында 2 ересек адам станционарлық ем алып жатыр, 15 бала ауруханада жатыр.