Қазақстан үшін Ауғанстан расында маңызды нарық па?

Жарияланды
Фото: Ukimet телеграмм арнасы

Соңғы бірер жыл көлемінде Қазақстан Ауғанстанмен сауда байланыстарына айырықша маңыз бере бастады. Әсіресе, Қазақстан үшін Ауғанстан – ұн өткізетін ірі нарық (2021 жылы 895 126 тоннадан 2022 жылы 1,3 млн тоннаға дейін артқан). Осы тауар экспортындағы ауған үлесі 70 пайызға жуық. Әрине, ол тарапқа экспортымыз ұнмен ғана шектелмейді. Бұдан бөлек, бидай (2022 жылы – 686 729 тонна), күнбағыс майын (2022 жылы – 17 576 тонна), қара бидай жөнелтеміз. Таяуда экспорттық тізбекке дәрілік заттар мен тыңайтқыштар да қосылды.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, Ауғанстан Орталық Азияндағы елдердің арасында ең көп сауданы Қазақстанмен жасайды. Өткен жылы өзара тауар айналымы 1 млрд долларға жетіпті. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Тағы бір басымдық – Ауғанстан Орталық Азия үшін маңызды көлік дәлізі. Ол Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдері арасындағы байланыстырушы көпір. Қазақстанға Карачи және Гвадар теңіз порттарына, одан әрі Үндістанға, Таяу Шығыс елдеріне, Африкаға шығу мүмкіндігін ашады. Бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін де сауда үшін де жаңа және өте тартымды нарықтар.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 987,9 млн долларды құраған,  бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары (474,3 млн доллар). Дәстүр бойынша, бұл көрсеткіштің шамамен 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі.

Ал биыл бес айда елдер арасындағы сауда 316,6 млн долларды құрады, оның 310 млн доллары қазақстандық экспортқа тиесілі. Дәл қазір Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларында 500 млн доллардан астам сомаға жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстанның екіжақты форматта да, бүкіл өңір ауқымында да сауда саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін кең әлеуеті бар.

Оның сөзінше, қазақ ұнының дәстүрлі жеткізілімін сақтау маңызды. Жұманғариннің айтуынша, Қазақстандық ұн Ауғанстанға Өзбекстан аумағы арқылы жеткізіледі. Осы жылдың 4 айында Ауғанстанға Өзбекстан аумағы арқылы 150,8 млн доллар сомасына 450 мың тоннадан астам ұн жөнелтілді. Қазақстандық астық жүктерін Өзбекстан аумағы арқылы Ауғанстан мен Тәжікстан бағытында тасымалдауға арналған тарифтердің жеткілікті жоғары болуына байланысты Қазақстан тарапы экспорт көлемін ұлғайту және ауған нарығын тауарлардың жеткілікті көлемімен қанықтыру үшін Ауғанстанға транзиттік тасымалдаудың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде.

«Ауғанстан қазіргі уақытта Қазақстан үшін сауда үшін жоғары қызығушылық тудыратын Пәкістан мен Үндістанға апаратын Орталық Азияның көлік дәлізі болып саналады. Біз Пәкістанның ірі NLC (National Logistics Cell) логистикалық компаниясымен келіссөздер жүргіздік, ол ауған компанияларымен де тығыз жұмыс істейді. Бұдан басқа, Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар темір жол транс-ауған көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды, бұл Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Серік Жұманғарин.

Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрі Әзизи Нуруддин Ауғанстанның өңірдегі маңызды өнеркәсіптік орталыққа айналу мүмкіндігі бар екенін айтады.

«Ауғанстан шетелдік инвесторлар, оның ішінде Қазақстан үшін қажетті жағдайларды жасауға дайын. Біздегі ұлттық қауіпсіздік, процестердің жеңілдетілуі, әкімшілік жемқорлықтың жойылуы және мемлекеттік істегі ашықтық елдегі бизнес өсіміне алып келді. Былтыр Ауғанстанның экспорт көлемі алғаш рет 120 пайызға ұлғайды. Екі және көпжақты қарым-қатынасты дамыту үшін сауда серіктестерімен, соның ішінде Өзбекстан, Иран, Ресей, Қытай, Пәкістанмен базалық келісімдер жасалды. Жақында жүздеген шетелдік инвесторлар Ауғанстанның әртүрлі салаларына инвестиция салуға қызығушылық танытып, жұмыс істеуге рұқсат алды және өз қызметін бастау үшін әртүрлі ауған агенттіктерімен байланыста. Ауғанстан Ислам Әмірлігі жеке секторға мүмкіндік беру үшін көптеген салық жеңілдіктерін қарастырды және мен құрметті инвесторларды Ауғанстанға толық сеніммен инвестициялауды шын жүректен сұраймын және шақырамын», деді ол.

Осы орайда ауған Әзизи Нуриддин Ауғанстанның отандық өнеркәсібін қолдау мақсатында Қазақстанға экспортталатын ауған тауарларына жеңілдікті тариф қолдануды, сондай-ақ Ауғанстан халқы мен жеке секторын қолдау мақсатында Ауғанстанға Қазақстаннан әкелінетін бидай мен ұнның бағасына арнайы жеңілдіктер жасауды сұрады.

Сонымен қатар ендігі кезекте Ауғанстанның ауқымды инвестициялық деңгейге ұмтылатынын да жария етті.

«Тарихта Ауғанстан мәдени және сауда алмасудың қақпасы болып келді және қазір Ауғанстан Ислам Әмірлігінің үкіметі бұрынғыдан да маңызды рөлге ие болуды ойластыруда. Ол үшін халықаралық, өңірлік және жаһандық іскерлік кездесулерге, көрмелерге қатынасу өте маңызды. Қазір Ауғанстан үлкен өңірдік төрт транзиттік бағытын біріктіретін сауда дәлізіне айналды. Әуе дәлізінің құрылуы, екі ел территориясында біздің ел банктерінің өкілдіктерінің ашылуы, кәсіпкерлер үшін виза беретін пунктердің іске қосылуы, іскерлік кездесулер, көрмелер мен конференциялардың ұйымдастырылуы, ортақ кеңістік құрылып, Қазақстанға жүк тасымалы мерзімінің қысқаруы және Қазақстаннан келетін сауда транзиті үшін түрлі кедергілердің жойылуы мәселені нақтылыққа жақындата түседі», деді ол өз сөзінде.

Қазақстанның ауған еліне не экспорттайтынын жоғарыда айттық. Ауғанстан өз кезегінде Қазақстанға жүзім, балғын және құрғақ жемістер, картоп тасымалдайды.

Форум алаңында 106 млн доллар сомасына коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарлануда. Министрдің айтуынша, диалог алаңы жаңа жобаларға, одан әрі сауда-экономикалық ынтымақтастық бағыттарына негіз болды және жақын арада елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз