Құрылысы 8 млрд теңгеге бағаланған Каспий теңізіндегі Құрық портындағы астық терминалы биыл іске қосылады, деп хабарлайды «Интерфакс-Қазақстан».
«Құрық портын одан әрі дамыту аясында «Kaspi Grain Way» ЖШС өз қаражаты есебінен құны 8 млрд теңге болатын астық терминалын салу жобасын жүзеге асыруда», – деп хабарлаған басылымға Индустрия және инырақұрылымдық даму министрлігі.
Бұл терминалдың қуаттылығы жылына 1 млн тоннаны құрайды. Жоба аясында 25 мың тонна дәнді дақылдарды бір мезгілде сақтауға арналған 18 сүрлем салынған.
Министрліктің хабарлауынша, құрылыс биыл аяқталады. Қазір жабдықтарды орнату, теміржолға қосу және электрлендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жаңа терминал Құрық портының өткізу қабілетін арттырып, дәнді дақылдарды Қазақстан – Иран/Кавказ аймағы елдері бағытына және одан әрі үшінші елдерге экспорттауды қамтамасыз етеді», делінген министрліктің жауабында.
2021 жылы жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ), «Порт Құрық» ЖШС және «Kaspi Grain Way» ЖШС жүзеге асырып жатқаны және жаңа терминалдың 2022 жылы іске қосылатыны туралы хабарланған болатын.
Ақтау облыс орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан Құрықта астықты, мұнай өнімдерін, тыңайтқыштарды, химиялық заттарды және басқа да бірқатар жүктерді ауыстырып тиеуге бағытталған паромдық кешен (темір жол және автомобиль айлақтары бар) бар. Порттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна жүкті құрайды.