Жаңалықтар

АҚШ пен Украина қауіпсіздік кепілдігі бойынша келіссөздерді бастады

Вашингтон мен Киев Украина үшін қауіпсіздік кепілдігі бойынша келіссөздерді бастады, деп хабарлады АҚШ Мемлекеттік департаменті.

«Мемлекеттік департаменттің, АҚШ Қорғаныс министрлігінің және [Ақ үйдің] Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері украиналық әріптестерімен ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдігі бойынша екіжақты келіссөздерді бастау үшін кездесті», – делінген АҚШ сыртқы саясат департаментінің мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде қауіпсіздік саласындағы екіжақты міндеттемелер «Украинаны қорғауды қамтамасыз етуге», «Украинаның әскери институттары мен өнеркәсібі саласындағы тиімділік пен ашықтықты қолдауға және арттыруға», сондай-ақ «Киевтің еуроатлантикалық ұмтылыстарына қарай ілгерілеуіне ықпал ететін»реформаларды жүргізуге көмектесуге бағытталатыны атап өтілді.

Ведомство келіссөздер Украинаны қолдау туралы G7 бірлескен декларациясы аясында өтіп жатқанын атап өтті.