Қазақстандық кәсіпорындардың ішкі нарыққа өңдеу өнеркәсібі өнімдерін жеткізуді $46 млрд-тан астамға арттыруға мүмкіндігі бар. Бұл жайлы Үкіметтегі бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.
«Мұнай-газ машина жасау өнімдеріне арматура, сорғылар, жабдықтар, құрылыс материалдарына тұсқағаздар, қабырға жабындары, ламинат, керамика, киім-кешек, аяқкиім, тыңайтқыштарға және т. б. өнімдерге сұраныс жоғары», деді министр.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысумен өткен бұл кездесуге Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау өңірлерінің кәсіпкерлері қатысты.
Кездесу барысында жеңілдетілген несиелендіру мен субсидиялау, мал азығын дайындау, жол құрылысы, көтерме сауда-тарату орталықтары мен көкөніс қоймаларына қатысты мәселелер талқыланды. Бұдан басқа, Алакөл және Балқаш көлінің демалыс аймақтарын дамыту барысы жан-жақты талқыланды.
Атап айтқанда, «Alakol Kazakhstan» ЖШС директоры Елена Асылбекова туристік нысандарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету, орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, әуе қатынасын кеңейту, сондай-ақ демалыс аймақтарында байланыс пен интернет сапасын жақсарту қажеттігі туралы айтты.
Тағы бір өзекті тақырып қой шаруашылығын дамыту болды. «Eurasia Agro Semey» ЖШС басшысы Ерлан Мұқашев шикізатты өңдеуді қатар дамыта отырып, мал санын 50-100 млн басқа дейін арттыру жоғары әлеуетін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Қазақстанды қошқар, қозы және қой етінің ірі экспорттаушылары қатарына қосуы мүмкін. Кәсіпкер сондай-ақ қазақы қозы мен қойдың ұлттық брендін құру идеясын айтып, тиісті бизнес-бастамаға уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы кешенді қолдау көрсетуді сұрады.
Қщ кезегінде Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият зерделеуді және кездесу барысында көтерілген проблемалық мәселелерді шешуді пысықтауды тапсырды.
Сонымен бірге Әлихан Смайылов Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының орта бизнесті дамыту әлеуеті өте жоғары екенін атап өтіп, соңғы үш жылда аталған өңірлерде 17 мыңнан астам жоба түрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылғанын айтты.
«Кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Экономикадағы ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсті. Бизнестің нақты проблемаларын шешу арқылы бұл трендті сақтап қалу керек», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта республикада бизнеске қойылатын артық реттеу талаптары қысқартылып, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру жүргізіліп жатқанын, бұл келесі жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйелері негізінде арнайы маманның қатысуынсыз тексеру тағайындауға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл тексерулер санын азайтып, олардың тиімділігін арттырады.