Freedom Holding Corp. 2023 фискалдық жылының қорытындысы бойынша  $795 млн кіріс алды

Жарияланды

Есептік кезеңде Freedom Holding Corp. $795,7 млн кіріс тапты, бұл 2022 фискалдық жылғы $689,8 млн кіріске қарағанда $105,9 млн-ға (+ 15%) артық. Пайданың өсуіне бірқатар оң фактор ықпал етті.

Пайыздық кіріс $121,6 млн-нан $294,7 млн-ға дейін өсті (+ 142%). Бұл көрсеткіштің $173,1 млн-ға көтерілуі несие портфелінің, сондай-ақ сауда портфелінің ұлғаюына және ондағы облигациялар үлесінің кеңеюіне байланысты. Клиенттерді пайдалану белсендігі артуына байланысты маржиналдық кредиттер бойынша пайыздық кірістің өсуі байқалады.

Кірістің өзгеруіне Freedom Bank холдингінің еншілес компаниясының шетел валютасын сатып алу және сату жөніндегі қызметінің күшеюі салдарынан шетел валютасымен операциялардан түскен таза пайданың $48,4 млн-ға артуы ықпал етті. Оң динамикаға сақтандыру қызметтерінен түскен кірістің $73 млн-нан $115,4 млн-ға дейін ұлғаюы да әсер етті. Кірістің $42,4 млн-ға (+ 58%) өсуі холдингтің осы бағыттағы қызметінің кеңеюінің арқасында орын алды.

Сол уақытта бағалы қағаздар саудасынан түскен таза пайда $155,3 млн-нан $71 млн-ға (-54%) дейін азайды. Бұл жүзеге асырылған таза шығынға байланысты, ол негізінен есептік кезеңде SPB Exchange акцияларын сатудың салдары болып табылады. Freedom Bank еншілес компаниясының қаржыландыру көздерін әртараптандыру үшін валюталық своптарды жасасу нәтижесінде туынды қаржы құралдары бойынша таза шығын $65,8 млн-ға ұлғайды.

Бұл ретте 2023 фискалдық жылдың аяғында холдингтің шығыстары $233,7 млн-ға (+ 72%) өсті. Бұған төмендегі факторлар әсер етті.

Пайыздық шығындар инвестициялық портфель көлемінің өсуіне байланысты РЕПО арқылы қысқа мерзімді қаржыландыру бойынша шығындардың осы түрлерінің жоғарылауына орай $132 млн-ға (+ 172%) ұлғайды. Сондай-ақ көрсеткіштің өсуі Freedom Bank клиенттік базасының кеңеюі салдарынан депозиттер бойынша пайыздардың ұлғаюына негізделген.

Жалпы және әкімшілік шығындар $36,4 млн-ға өсті. Олар сондай-ақ қайырымдылық пен демеушілікті, соның ішінде Украинадағы қайырымдылық қорына гуманитарлық көмек көрсетуді қамтиды. Бұдан басқа, БҚ инфрақұрылымын кеңейту және холдинг қызметін қолдау үшін жүйелерді енгізу салдары ретінде бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдауға арналған шығындар ұлғайды. Оның үстіне, бизнестің кеңеюіне және жаңа материалдық активтерді сатып алуға байланысты байланыс қызметтеріне жұмсалатын шығындардың және тозу мен амортизацияға жұмсалатын шығындардың өсуі байқалады.

Жалдау және сатып алу есебінен холдингке кіретін компаниялардағы қызметкерлер санының өсуі себебінен есептік кезеңде жалақы мен сыйлықақы $35,5 млн-ға (+ 77%) ұлғайды. Сондай-ақ шығыстардың өсуіне $26,6 млн құнсыздануға резервті есептеу бойынша өсу әсер етті. Ол холдингтің несие портфелінің ұлғаюымен байланысты. Ал сақтандыру қызметі бойынша кірістің ұлғаюы нәтижесінде осы бағыттағы шығыстар $22,9 млн-ға (+ 42%) көтерілді.

Тимур Турлов, СЕО, Freedom Holding Corp:

«Экономикалық турбуленттіліктің осы кезеңінде біз сенімді түрде алға басып, өзіміздің ауқымды қызметіміздің тұрақты қаржылық нәтижелерін көрсетуді жалғастырудамыз. 2023 фискалдық жыл оңайға соқпады және осы кезеңде біз Ресей Федерациясындағы жұмысымызды толығымен тоқтаттық. Бір уақытта бір жыл маңызды өзгерістер әкеліп, бізді мықты және одан да жаңашыл етті. Жаңа брендингпен цифрлық экожүйені құру бойынша өршіл мақсатты таңдай отырып, холдинг түрлі бағыттағы активтерді ұлғайта отырып, жан-жақты жұмыс жүргізуде. АҚШ-тың Maxim Group LLC инвестициялық банкін оның еншілес ұйымы Maxim Financial Advisors LLC-мен бірге сатып алу бойынша іске қосылған процесс біздің экспоненциалдық өсімімізге қосымша серпін берген маңызды оқиғалардың бірі болды. Алда жаңа перспективалар мен сын-қатерлер бар, бірақ акционерлердің сенімі мен бизнеске деген жауапкершілігіміздің арқасында біз одан әрі өсіп, халықаралық қаржы нарығының алдыңғы қатарында қалуға дайынбыз».

2023 жылдың қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. таза пайдасы $205,6 млн құрады. Холдингтің 58,6 млн дана акциялардың орташа өлшемді базалық санына сүйене отырып есептелген акциясының пайдасы – $3,5. Холдингтің 59,5 млн дана үлестірілген орташа өлшемді акциялар санынан есептелген акциясының пайдасы – $3,5. Басқа жиынтық кіріс $204,8 млн-нан $234,3 млн-ға дейін ұлғайды. Холдингтің активтері $3,230 млн-нан $5,085 млн-ға дейін өсті (+ 58%). Міндеттемелер $2,684 млн-нан $4,314 млн-ға дейін (+ 61%) көтерілді.

Брокерлік клиенттік шоттардың саны 31 жылғы 2023 наурыздағы жағдай бойынша 370 мыңды құрады. Бұл 2022 жылдың осы күнгі шоттар санымен салыстырғанда 120 мыңға артық (+ 48%).

 

Сондай-ақ оқыңыз