Жаңалықтар

Каспий құбыр консорциум Қазақстандағы акционерлеріне алғаш рет жекелей дивидендтерді төледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен КҚК бас директоры Николай Горбань консорциум жұмысының өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде КҚК теңіз терминалында мұнай үздіксіз тиеліп, атап айтқанда, танкерге тиеу жұмыстары штаттық режимде жүзеге асып жатқаны атап өтілді.

Сонымен қатар тараптар Теңіз-Новороссийск мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 82 млн тонна көмірсутек шикізатына дейін арттыруға бағытталған тар жерлерді жою бағдарламасын іске асыруды аяқтау мәселелерін талқылады. Николай Горбань Әлихан Смайыловқа КҚК Қазақстаннан мұнайдың көп көлемін жөнелтуге механикалық тұрғыда дайын екенін жеткізді.

Атап айтқанда, шілде айында ең ірі және маңызды нысандардың бірі – Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалындағы мұнай көлемі мен сапасы көрсеткіштерін өлшейтін жаңа жүйенің құрылысы аяқталды. Аталған жүйе шикізатты бір мезгілде үш құрылғыдан айдауға мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, көктем және күз кезінде қолайсыз ауа райынан жұмыстың тоқтағанын ескере отырып, шикі мұнай тасымалдау көрсеткіштерін ұлғайтуға ықпал етпек.

Кездесу барысында Атырау облысындағы КҚК нысандарын энергиямен үздіксіз жабдықтау, салық салу және акционерлерге дивидендтер төлеу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, бас директор ҚР Үкімет басшысына 2023 жылдың шілде айында Консорциум алғаш рет Қазақстан Республикасындағы «КҚК-Қ» АҚ акционерлеріне жекелей дивидендтердің төленгенін хабарлады.