«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Әділдік жолы» РҚБ-мен бірлесіп, Қаржы министрлігіне тапсырыс берушілердің электрон актілерге уақтылы қол қою бөлігінде мемлекеттік сатып алу мониторингінің қорытындысын ұсынды. Нәтижесінде 2023 қаржы жылында жалпы сомасы 245,1 млрд теңгеге бекіту мерзімі өткен 19 670 электронды акт анықталған. Бұл жайлы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, тасырыс берушінің электронды актіге қол қоймау мерзімі 24 күнді құрайды.
«Электронды актіге уақтылы қол қоймау – Тапсырыс берушінің шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамау болып саналады. Оның салдары кәсіпкерлерде кассалық алшақтықтың туындауына әкелетінін атап өтеміз. Бұл дегеніміз салықтарды уақтылы төлемеу, несиелерді өтеу мерзімдерін бұзу, еңбекақыны төлемеу», дейді «Атамекен» ҰКП реттелетін сатып алу департаментінің басқарушы директоры Руслан Шоқаев.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі құқық бұзушылықтарды бекітетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 207-бабына сәйкес тапсырыс берушілер мен лауазымды адамдар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 546-тармағын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Осы себепті де қол қойылмаған актілер саны да, сомасы да артқан.
«Атамекен» ҰКП жоғарыда мәліметтерге байланысты Қаржы министрлігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолдады. Онда ағымдағы жағдай және заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы деректер жазылған. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», делінген хбарламада.