Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим қашан енгізіледі – СІМ өкілі жауап берді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Қытай арасында визалық талаптарды өзара босату туралы келісім жыл соңына дейін күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Оның айтуынша, 17 мамырда Сиань қаласында Қазақстан мен Қытай арасында визалық талаптарды өзара босату туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің 11-бабына сәйкес, қос тарап келісімнің күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кейін күшіне енеді.

Алайда бұған дейін БАҚ беттерінде «келісім күшіне енді» деген ақпарат тараған. СІМ мұның жалған ақпарат екенін мәлімдеді. Айбек Смадияровтың айтуынша, қазір қазақстандық тарап барлық мемлекетішілік рәсімді аяқтаған. Енді бұл рәсімді Қытай тарапы орындауға тиіс.

«Осы келісімді Қазақстан Үкіметінің 2023 жылдың 26 шілдесіндегі №612 қаулысымен бекітіп, биыл 28 шілдеде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытай халық республикасының Сыртқы істер министрлігіне тиісті хабарлама жолдады. Біз Қытай тарапының ішкі процедураларының аяқталуы туралы тиісті хабарлама күтеміз. Тиісінше, қос ел арасында өзара визасыз режимді күшіне енуі туралы ақпарат Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет ресурсында және Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады», – деді Айбек Смадияров.

Айтуынша, Қазақстан Үкіметінің келісімді бекіту туралы қаулысы Қазақстан тарапы ішкі процедураны аяқтады дегенді білдіреді.

«Енді Қытай тарапынан сондай хабарламаны күтеміз. Осындай хабарлама келген күннен бастап, күнтізбелік 30 күннен келісім күшіне енеді. Шешім жыл соңына дейін қабылдануы әбден мүмкін», – деп сөзін түйіндеді ресми өкіл.

Келісім күшіне енсе, қазақстандықтарға Қытайға бару үшін төлқұжаттан өзге ешбір құжаттың қажеті болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз