Жыл соңына дейін Астана агломерациясының кешенді жоспары әзірленеді

Жарияланды

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту туралы тапсырмаларын орындауға қатысты кеңес өтті.

Жиында Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, жаңа бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және Көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстарына тоқталды. Қала басшысы 3-ЖЭО құрылысының бірінші кезегі және жалпы қуаты 1130 Гкал болатын екі газ жылу станциясының құрылысы туралы баяндады. Бұл станциялардың көмегімен 2026 жылға дейін қала айтарлықта жылу энергиясы қорын жинай алады.

Астана әкімі қала тұрғындарын сумен қамту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға дайндықтың қала жүріп жатқаны туралы да айтты.

«Сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Нұра жер асты суларынан жүретін арнайы құрылыстар кешенін, Тельман сорғы станциясын кеңейтуді, Қ.Сәтпаев каналынан жүретін жаңа су құбырының жобаларын және төртінші сорғы-сүзгі станциясын пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарлардың орындалуы 2035 жылға дейін қажетті қорды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы жоқ», деді ол.

Шаһар басшысының атуынша, биыл Астананың автожолдарын салу және жөндеу, сондай-ақ Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар елорда әкімі үлескерлердің мәселелерін шешу, ірі кәріз-тазарту құрылысын жобалау, LRT жобасын жүзеге асыру сынды басқа да бірқатар мәселелерге тоқталды.

Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астанадағы тұрғын үй-коммуналды және жол инфрақұрылымының бірқатар нысанын аралап, алдағы жылу беру маусымына дайындықтарын тексеріп шыққанын айтты.

Атап айтқанда, ведомство басшысы елордадағы сумен жабдықтау нысандарының жұмысымен танысты. Ол жаңа сорғы-сүзгі стансасының (3-ССС) құрылысын тексеріп, Астана су қоймасындағы 1-ші көтергіш сорғы стансасына барып, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 1-ССС мен 2-ССС су дайындау кешендерінің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Сонымен бірге М.Қарабаев бас шаһардың сол жағалауында салынып жатқан жылу қазандығының құрылыс жұмысымен танысқан. Жеткілікті көлемдегі қуат қорына ие жаңа нысан (250 мың тұтынушыға дейін шақталған) қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің ортақ желісіне қосылатын болады. Бұл жоба жүктемені азайтып, ЖЭО жұмысын жеңілдететінін айтты.

Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы өз салалары бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.

Премьер-Министр елорданы дамыту мәселелерін шешу Үкімет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажетті шараларды іске асыруды жалғастыру керек. Атап айтқанда, елорда әкімдігі бөлінген қаржыландыруды пайдалана отырып, барлық инфрақұрылымдық жобада, оның ішінде үлескерлері бар проблемалық құрылыс нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде Астананың басым жобаларын қаржыландыруды қарастыруды, сондай-ақ жыл соңына дейін Елорда агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Үкіметке енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз