Жаңалықтар

18 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазған қылмыстық топтың жетекшісі 8 жылға сотталды

Фото: kursiv.media

Павлодар облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері материалдық сыйақы үшін кейбір кәсіпкерлердің салықтан жалтаруына көмектескен. Олар мемлекетке шамамен 6,8 млрд теңге көлемінде салық төлемеген. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен оның 9 мүшесі 26 еншілес компанияны тіркеп, олардың атынан 4 жыл ішінде 18 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып бергені дәлелденді», делінген баспасөз хабарламасында.

Ең қызығы, бұл қылмыстық топтың қызметін 225 кәсіпорын пайдаланған. Сол кәсіпорындардың ішінде энергия тасымалдаушы бір компания өз шығындарын асыра көрсетіп, электр энергиясының тарифін заңсыз көтерген.

«Ұйымдасқан қылмыстық топты жою нәтижесінде бақылаудағы компанияларды тіркеу заңсыз деп танылды, сатып алушыларға 560 млн теңгеден астам сомаға салық төлеу туралы хабарламалар берілді, электр энергиясын тұтынушыларға 580 млн теңгеден астам сома тариф қайтарылды», деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Ал топтың қалған мүшелері 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Агенттік осыған дейін Павлодар облысында ресейлік бидайды жалған құжаттармен заңсыз әкетудің сұр схемасын анықтап, 5,4 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазылғаны туралы хабарлаған болатын.

Ал мамыр айының ортасында Жамбыл облысында субсидияланатын таңқурай түрлерін жеткізуге 800 млн теңге көлемінде жалған шот-фактура жазғандар ұсталды.

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің қызметкерлері шілде айында нақты жұмыстарды орындамай, қызметтерін көрсетпей, тауарларды жөнелтпей, жалған шот-фактураларды жазып берумен айналысқан 2 азаматтың әрекетін әшкереледі. Олар 2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың тамызына дейінгі аралықта жалпы айналымы 2,1 млрд теңгеден асқан 6 компания құрған. Салдарынан мемлекеттік бюджетке салық түрінде 700 млн теңгеге жуық қаржы түспей қалған.