Қарағандыда балалар тамақтан уланбаған – министр Ажар Ғиният

Жарияланды
улану
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қарағандыдағы 14 баланың тамақтан уланбағаны анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылды.

«Қазір олар сол орталықтағы дәрігерлердің бақылауында. 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. 4 баланың жағдайы оң динамикамен ауыр болып отыр. 2 баланың жағдайы өте ауыр. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интоксикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр.

Осы оқиға туралы ақпарат түскеннен бастап, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде жетекші республикалық балалар мамандарының сол жаққа баруын ұйымдастырды. Қарқынды терапияны көрсету қамтамасыз етіліп жатыр. Республикалық және облыстық деңгейдегі бейінді мамандардың кеңейтілген консилиумдары күн сайын ұйымдастырылады», – деді министр Үкімет отырысында.

Ажар Ғиният министрлік зардап шеккен балалардың жағдайына мониторинг жүргізіп, оларға медициналық көмекті көрсетіп жатқанын атап өтті. Алдын ала тексеру нәтижесінде балалардың тамақтан уланбағаны анықталған.

«Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы және тексеру шараларын жалғастырып жатыр. Алдын ала эпидемиологиялық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижесі аурудың даму сипаты тамақтан уланбағанын және инфекциялық аурулардың жоғын көрсетті. Бұл жағдайдың болу себебі дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты уланған деп пайымдайды. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Балалардың жағдайы министрліктің ерекше бақылауында», – деді ведомство басшысы.

Премьер-министр Әлихан Смайылов министрге уланған балаларды барлық қажет дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Әкімдіктер интернаттық, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуі қажет.

Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуге тиіс», – деп сөзін түйіндеді үкімет басшысы.

Еске сала кетейік, 1 тамызда еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болғанын хабарлаған еді. Алты бала жансақтау бөліміне түскен. Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына барған болатын.

Сол күні кеште облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев балалар жаппай уланған Қарағандыдағы балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорының міндетін атқарушысы мен 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілгенін хабарлады.

Қарағандыдағы әлеуметтік орталықта балалардың жаппай улануына қатысты мамандар өз тұжырымын жария етіп,  Анықталған санитариялық-гигиеналық бұзушылықтар балалардың жекелеген тобының жіті ішек инфекцияларын (ЖІИ) тудыруы мүмкін емес екенін мәлімдеді. Балалардың жаппай улануы бір өнімді тұтынумен байланысты деген тұжырым айтылған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз