Ашық НҚА порталында Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы Премьер-министрдің қаулысы жария талқылауға шығарылды. 22 тамызға дейін ашық талқылауда болатын құжат мәтініне сәйкес, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен 1 200 628 517 (бір миллиард екі жүз миллион алты жүз жиырма сегіз мың бес жүз он жеті) теңге сомасында қаражат бөліну көзделген.
Ол қаражатқа Экология министрлігі орман өрті кезінде бүлінген техниканы жөндеп, ормандарды әуеден бақылау үшін тікұшақ жалдауға жұмсауы тиіс.
«939 377 517 (тоғыз жүз отыз тоғыз миллион үш жүз жетпіс жеті мың бес жүз он жеті) теңге ормандарды өрттен авиациялық қорғау үшін қосымша 923 ұшу сағатын сатып алуға;
261 251 000 (екі жүз алпыс бір миллион екі жүз елу бір мың) теңге Абай облысында ірі өрттерді сөндіру кезінде жұмыс істемейтін жағдайға келген өрт және трактор техникасын жөндеу үшін және ЖЖМ сатып алуға арналады».
Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдап, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын Қаржы министрлігі бақылауы керек.
Айта кету керек, бұған дейін орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлерін өртке қарсы киіммен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 918 млн теңге бөлінетіні хабарланған болатын. Тиісті қаулыға Үкімет басшысы қол қойған еді.
Айта кетейік, 13 шілдеде «Семей орманы» қорығында 8 маусымда басталған өртті толығымен сөндірді. Тілсіз жау 14 орманшы мен бір тракторшының өмірін қиды. Өртенген учаскенің ауданы 60 мың гектарды құрады.
9 маусымда Семейде төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусымда ТЖМ 14 орманшының денесі табылғанын хабарлады. Кейінірек тракторшы Сергей Архиповтың денесі табылды, ол трагедияның 15-ші құрбаны болды.
Қазақстанда 12 маусым ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.