Тимур Құлыбаев «Шұбаркөл Премиум» көмір компаниясынан 21 млрд теңгеге жуық дивиденд алды

Жарияланды
Фото: shutterstock

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі (67%) «Шұбаркөл Премиум» АҚ көмір компаниясы 2022 жылдың бірінші тоқсанында жай акциялар бойынша 31,14 миллиард теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл туралы KASE-де жарияланған құжатта айтылған.

Ақпаратқа сәйкес, бір жәй акцияға шаққандағы төлемдер 7 284,61 теңгені құраған. 2022 жылдың тамыз айында компания 2022 жылдың үш айы үшін дәл осындай сомаға 31,14 миллиард теңге көлемінде дивиденд төленетінін жариялаған болатын. Төлем 2022 жылдың 18 тамызы мен 27 қазаны аралығында жүргізілетіні хабарланған.

Акционерлер тізілімінің деректері бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның 67%-ы Тимур Құлыбаевтың «Joint Resources» компаниясына тиесілі. Көмір компаниясына сонымен бірге «Fci management llp» ЖШС мен «Trans coal Investment Group» ЖШС иелік етеді. Ол екеуінің әрқайсысына компанияның 16,5% үлесі тиесілі. Бірінші компания Раушан Сағдиеваныкі, екіншісі – Шынар Елимесованыкі.

KASE-де жарияланған құжатта Құлыбаевтың «Joint Resources» компаниясының дивиденд ретінде 20,86 млрд теңге алғаны айтылған. Ал «Fci management llp» ЖШС мен «Trans coal Investment Group» ЖШС басшылары Сағдиева мен Елимесова әрқайсысы 5,13 млрд теңгеден алған.

Компанияның 2022 жылдың алты айындағы шоғырландырылған есебінде 65,17 миллиард теңге кіріс кіргені көрсетілген. Ал тоғыз айда ол 74,4 миллиард теңгеге дейін өскен. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бірінші тоқсанда жарғылық капитал – 9,5 млрд теңге, меншікті капитал – 48 млрд теңге, активтер – 72 млрд теңге, міндеттемелер – 23,9 млрд теңге, сату көлемі – 19 млрд теңге, таза шығын – 1,4 млрд теңге болған.

Маусым айында Тимур Құлыбаевтың мұнай өндіруші Caspian Oil компаниясы 2022 жылға 49,04 миллиард теңге пайдамен 142,1 миллиард теңге дивиденд төлегені хабарланған болатын.

«Шұбаркөл Премиум» АҚ көмір өнімдерін барлаумен, өндірумен, сатумен және сатып алумен, тау-кен өндірісін пайдаланумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз