«Жағдай күрделі» – Президент Екібастұз ЖЭО-ндағы жөндеу жұмыстарымен танысты

Жарияланды (жаңартылды )
Коллаж: kursiv.media

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Президент Екібастұздағы жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Президент ЖЭО-на қатысты жағдайды «күрделі» деп атады. Себебі, жабдықтардың басым бөлігі тозған.

«Бұл жұмыс бақылауымызда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен Екібастұзда 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр. Президенттің сөзінше, өткен қыста болған жағдай Үкімет пен барлық әкімдердің жауапкершілігі. Ол оқиғадан «ауыр сабақ алдық», деген Қасым-Жомарт Тоқаев, жылу желілеріндегі апаттар қайталанбас үшін «шаралар қолданылатынын» жеткізді.

Ал, Павлодар облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру аса қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-на техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбыр құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағын ауданында 9 мыңнан астам тұрғынды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде магистральдық және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды.

Президент Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

Еске саламыз, Екібастұз қаласын жылумен қамтитын «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-да болған апат салдарынан қала 2022 жылдың 27 қарашасынан бастап, бірнеше күн бойы қала тұрғындары жылусыз қалған болатын. Апат салдарын жою және жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қалаға коммуналдық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыскерлері, оның ішінде еліміздің басқа өңірлерінен де мамандар жіберілді. Апатты жоюға қатысқан жұмысшылардың тамақтануына, тұруына және жанар-жағармай үшін Екібастұз қаласы бюджетінен 22 171 000 теңге бөлінді.

Ал, 15 маусым күні «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның Екібастұз ЖЭО-сында жұмыс істеп тұрған №5 қазандыққа төбенің темірбетон плитасы құлады. Темірбетон плитаның құлауынан ешкім жарақат алған жоқ. Плитаның құлау аймағындағы барлық жөндеу және пайдалану жұмыстары тоқтатылған еді. Ал, 11 маусымда жөнделетін №7 қазандық аумағында бүйір қоршау конструкцияларының 8 темірбетон плитасы құлаған болатын.

27 маусым күні Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделгенін мәлім еткен еді.

«Қазір 7 қазандықта жұмыс жүргізіліп жатыр. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз