Jusan Bank басқармасында өзгеріс болды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
«2023 жылдың 10 тамызында «First Heartland Jusan Bank» АҚ (Jusan Bank) Акционерлердің кезектен тыс жиналысы өткізді, онда Директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сайланып, банк басшылығы бекітілді», делінген хабарламада.
Ғалымжан Есенов Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланса, директорлар кеңесінің құрамын Жарқынбек Азбеков кірген. Ал Санжар Жамалов тәуелсіз директор ретінде лауазымын сақтап қалған.
Jusan Bank Басқармасының құрамына Ирина Мерзлякова кірді, ол басқарма Төрағасының міндетін атқарады. Сонымен бірге Асқар Хамидуллин және Ғалия Маханова кіреді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша басқарманың қалған мүшелері уәкілетті органның қажетті келісімін алғаннан кейін тағайындалады.
Сонымен қатар Jusan Bank және акционерлер Ғалымжан Есенов пен Jusan Technologies Ltd (JTL) арасындағы бітімгершілік келісімін мақұлдаған. Келісімге сәйкес, JTL активтері Қазақстан Республикасының юрисдикциясына қайтарылып, келісім аясында Қазақстан Республикасы, Jusan Technologies Ltd және Ғ.Есеновке қатысты Қазақстан Республикасындағы, АҚШ пен Ұлыбританиядағы барлық сот процестері тоқтатылған.
Jusan Bank – активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы топ 6 банк қатарына кіретін Қазақстанның жетекші қаржы институттарының бірі. Банктің өтімді активтері 1,2 трлн теңгеден асады. 2022 жылы Банктің аудиттелген таза пайдасы 89 млрд. теңгеге жетті.
13 маусымда Әділет министрлігі Jusan Group-тың қазақстандық юрисдикцияға қайтарылғанын мәлімдеді. 2021 жылы телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірқатар ірі активтері бар Jusan Bank Қазақстан үкіметінің бақылауынан шығып кеткен болатын.
Сонымен бірге «Курсив» Назарбаев қорымен байланыстырылып келген Jusan Bankтің Ғалымжан Есеновтің иелігіне өтетінін жазған болатын. «First Heartland Securities» АҚ иесі британдық «Jusan Technologies» компаниясы екендігі айтылған. Ал Акционерлер реестрінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес, Jusan Bank яғни «First Heartland Jusan Bank» АҚ акционерлері «First Heartland Securities» АҚ (78,23%) мен Ғалымжан Есенов (19,67%) деп көрсетілген.