Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың 51% бақылайтын «Кристалл Менеджмент» АҚ мұнай сервистік компаниясы Астана халықаралық биржасындағы (AIX) акцияларын делистинг жасауды жоспарлап отыр. Бұл туралы KASE-де жарияланған құжатта айтылған.
«Акциялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Кристалл Менеджмент» АҚ (Алматы), KASE-ге 2023 жылғы 21 қыркүйекте кезектен тыс сырттай дауыс беру арқылы оның акционерлерінің жалпы жиналысы өтетінін хабрлады»,делінген KASE жариялаған құжатта.
Ондағы ақпаратқа сәйкес,жалпы жиналыста компания акционерлері кезектен тыс жалпы жиналыстың күн тәртібін бекітеді, сонымен бірге компанияның жай акцияларының Astana International Exchange ресми тізімінен ерікті делистингі туралы мәселені қарастырады және акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының хатшысын сайлау туралы шешім шығармақ.
«Кристалл Менеджмент» АҚ-на төрт бас компания иелік етеді. Оның 51 пайызын Тимур Құлыбаев «Joint Resources» АҚ арқылы бақылайды. 24,5 пайызы «Евразия Констракшн» ЖШС-не тиесілі. Бұл компания Intelligent Consulting Solutions ЖШС мен Food & Beverage Industry ЖШС иелігінде. Біріншісі – Асқар Әубәкіровтікі, екіншісі – Қайрат Қырымовтықі.
«Кристалл Менеджмент» АҚ-ның тағы 15%-ын «Позитив-А» АҚ арқылы Жұмабиқа Жылбаева басқарады. Ал Раушан Сағдиева «Fci management llp» ЖШС арқылы компанияның 9,5 пайызына иелік етеді.
«Кристалл Менеджмент» АҚ сервистік қызметі негізінен келісімшарттық аумақта мұнай операцияларын жүргізу, мұнай және газ кен орындарын пайдаланумен айналысады. Pk.uchet.kz сайтындағы мәліметтерде компанияның атом өнеркәсібі мен атом энергетикасы объектілерін қоспағанда, жылу электр станцияларымен электр энергиясын өндірумен және инженерлік жобалау саласындағы қызметпен айналысатыны жазылған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, компания 2021 жылы 947,4 млн теңге, 2022 жылы 1,66 млрд теңге, 2023 жылдың 4 тамызындағы жағдай бойынша 730 млн теңге салық төлеген. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның жарғылық капиталы 35,6 млрд теңгені, меншікті капиталы – 26,3 млрд теңгені құраған.
2023 жылдың бірінші тоқсанында компания активтерін 2 миллиард теңгеге ұлғайтып, 53,18 миллиард теңгеге жеткізді. Міндеттемелер жыл басындағы кезеңмен салыстырғанда 26,8 млрд теңгеге дейін өсті. Сату көлемі 2,5 млрд теңгені құраса, бірінші тоқсандағы таза шығыны 312 млн теңге болған.