Қазан айында 11 мұнай кен орны бойынша барлау мен өндіру құқын беретін кезекті аукцион өтеді

Жарияланды
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі 12 шілдеде көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукционның қорытындысын жария етті. Сонымен қатар, 20 қазан күні 11 кен орны бойынша осындай аукцион өткізілетінін хабарлады.

12 шілдеде өткен аукционда 11 жер учаскесіне барлау мен өндіру құқын беру бойынша бастапқы сома 612,0 млн теңгені құраған. Ал, нәтижесінде түпкілікті қол қою бонусының сомасы 3,37 млрд теңгеге жеткен. Аукционға шығарылған 11 учаскенің арасында барлау мен өндіруге – 7, өндіруге – 4 кен орнына құқық берілген. Бұл кен орындарындағы мұнайдың жиынтық қорлары: геологиялық – 23,7 млн. тн, алынатын  6,3 млн. тн құрайды.

«Бүгінгі таңда соңғы қол қою бонусының көрсетілген сомасы ел бюджетіне толық көлемде төленді.Жер қойнауы учаскелері бойынша геологиялық барлауға салынған инвестициялардың ең аз көлемі 35 млн АҚШ долларын құрайды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, биыл 20 қазанда 11 учаске аукционға шығарылады. Мұндағы мұнайдың жиынтық қоры: геологиялық – 17,7 млн. тн, алынатын – 3,6 млн. тн құрайды. 9 учаскеде мұнайды барлау және өндіру, 2 учаскеде өндіру құқы аукционға шығарылады.

«Аукционға қатысуға өтінімдерді www.gosreestr.kz сайтында 2023 жылғы 28 шілдеден бастап 2023 жылғы 29 қыркүйекті қоса алғанға дейінге кезеңде беруге болады», делінген хабарламада.

Бұған дейін министрлік қатты пайдалы

қазбаларды барлау құқын беретін алғашқы онлайн-аукционнан мемлекет бюджетіне 1 млрд теңгеге жуық қаражат түсткені хабарланған болатын.  1-ші тамызда қатты пайдалы қазбаларды барлауға құқық беретін бірінші электронды аукцион өткізілді. «E-Qazyna.kz» цифрлық платформасында өткен аукционға 29 кен орны шығарылған. Сауда 15 лот бойынша өткізіліп, қол қою бонусы 950 млн теңгеден асқан. Қалған 14 учаске бойынша сауда өтпеді деп танылды.

Сондай-ақ оқыңыз