Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салу мерзімі ұзартылды

Жарияланды
Фото: shutterstock және freepik

Қазақстан ресейлік бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салуды 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл бидайды сұр схемамен экспорттауға тосқауыл болмақ. Бұл шешім сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданған.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерін материалмен қамтамасыз ету үшін тұқымдарды автокөлікпен жеткізуге рұқсат етілген.

«Бұл жағдайда бидай партияларына қосымша, тұқым сапасы туралы сертификат бірге болуы тиіс», делінген хабарламада.

Министрлікте бидайды теміржол арқылы әкелуге тыйым салу мәселесі де көтерілді.

«Шектеулер лицензиясы бар элеваторларға, астық өңдеушілерге, құс шаруашылығы кәсіпорындарына қатысты қолданылмайды», делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта тыйым салу мерзімін ұзарту бойынша және теміржол көлігіне шектеулер енгізу туралы тиісті бұйрықты әзірлейді.

Бірер күн бұрын өңірлік экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту кеңестерінің отырысында Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов Ресей бидайын автомобильмен әкелуге тыйым салу мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасаған болатын. Ол Ресейден келетін астық вагондарға қайта тиеліп, Қазақстанның оңтүстік облыстары арқылы басқа елдерге сатылып жатқанын айтты. Оспанов күнбағыс тұқымы мен бидай импортына да тарифтік емес квоталарды енгізу қажет деп есептейді.

Алдыңғы жолы бидай импортына тыйым салу туралы бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023 жылдың 10 қазанына дейін енгізген болатын. Құжат кез келген елден бидай әкелуге тыйым салғанымен, негізінен Ресейден келетін арзан астық ағынын шектеуді көздеп отырғаны хабарланды. Қазақстанға ресейден келетін астықтың «сұр импорты» жылына 1,5-2 миллион тоннаға бағаланады. Сонымен қатар, биыл бұл көрсеткіштер әдеттегіден де жоғары болуы мүмкін. Өйткені Ресейден ірі астық трейдерлері кетті және Қара теңіз порттары арқылы астықты жеткізуге қатысты белгісіздіктің күшеюіне байланысты Ресей өз астығын шекаралас өңірлерге өткізуге тырысады.

Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактура жасалып, Ресей бидайы қазақстандық өнім ретінде экспортталғаны белгілі болды.

Еске сала кетсек, 11 cәуір күні Ауыл шарушылығы министрлігі Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салды. Ал мәжілісмендер астық нарығын Ресейден заңсыз келетін бидайдан қорғауға шақырды. Бидай нарығына заңсыз кірген импортерлер тарапынан демпинг жалғасатынын айтқан депутаттар шұғыл шара қолдануды сұраған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз