1 доллар бағамы 100 рубль болды, сарапшылар құнсыздану жалғасуы мүмкін деп есептейді

Жарияланды

14 тамыз таңертең Мәскеу биржасында доллар мен еуро тұрақты өсіп,  Ресей валютасы құлдырай бастады. 2022 жылдың 23 наурызынан бері алғаш рет бір доллар 100 рубльден асып түсті.

Мәскеу уақытымен 09:11-де доллардың бағамы 100,16 рубльге дейін қымбаттады, бұл алдыңғы сауда-саттықтың жабылуынан 72,5 тиынға жоғары.

Ал еуро осы уақытқа дейін 74 тиынға қымбаттап, бір 109,52 рубльді құрады. Қос валюталық қоржынның құны (0,55 доллар және 0,45 еуро) 73,18 тиынға – 104,37 рубльге дейін өсті.

Рубльдің құлдырауы қанша уақытқа жалғасады?

Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі әрі Экономикалық даму министрлігінің бұрынғы басшысы Максим Орешкин рубльдің әлсіреуі мен инфляция үдеуінің басты себебін ақша-несие саясатының қатаңдатылмауы деп санайды. Бұл туралы ол ТАСС агенттігіне арналған авторлық мақаласында айтты.

«Орталық банкте жағдайды көп ұзамай қалыпқа келтіру және несиелік мөлшерлемелерді тұрақты деңгейге дейін төмендетуді үшін барлық қажетті құралдар бар», – деді Максим Орешкин.

Ресей ваютасы теңгеге әсер ете ме?

Экономист Бауыржан Шурманов долларға қатысты бағамның 100 рубльге дейін төмендеуін әлі құлдырау емес деп есептейді. Сарапшының пайымынша Ресей валютасы алдағы уақытта да құнсыздана түсуі мүмкін. Мұны санкциялардың ықпалы деп түсіндірді маман.

«Салынған санкциялардың ауқымы мен капиталды шетелге шығару қарқынын ескерсек, бүгінгі көрсеткіш әлі ең төменгі меже емес», – деді сарапшы.

Бұл ретте оған қазақстандықтарды алаңдатып отырған ең басты сұрақ – теңге бағамына қатысты сауал қойдық. Ұлттық валютамыз рубльдің құлдырауына қарамастан соңғы айларда тұрақтылығын сақтап келді. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады?

«Кеңістігіміздің тарихи экономикалық үйлесімділігін және бюджет тапшылығы жағдайында валюта бағамы төмендеуі мүмкін. Мәселен, қыркүйекте бағам 485-495-ке жетуі де ықтимал. Ал доллардың 500 теңгеге қымбаттауы – бұл ауқымды себепті қажет ететін психологиялық көрсеткіш. Мұндай меже мұнай бағасы барреліне 70 доллардан төмен түссе ғана тіркелуі мүмкін», – деді экономист.

Сарапшының айтуынша, рубльдің бір жылда 60%-ға құлдырауына қарамастан, бүгінгі құнсыздануды «оптимистік жоспар» деп бағалауға болады.

«Теориялық тұрғыдан біз тарихтағы ең ауқымды санкциялар пакетінің куәсі болып отырмыз. Бағым 150 және одан жоғары көтерілуі мүмкін», – деп топшылап отыр экономист.

Теңге бағамы Ұлттық банк ықпалы әсерінен құбылмайды

Ал Alpari сарапшысы Анна Бодрова теңге бағамы Ұлттық банктің ықпалынан құбылмайды деп есептейді.

«АҚШ долларына қатысты қазақстандық теңге әлі де өте әлсіз, бірақ бұл жерде мәселе теңгенің іргелі құрамдас бөлігі емес, Ұлттық банктің әрекетінде. Соңғы апталардағы Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының барлық қозғалысы Ұлттық банктің бюджеттік аударымдарды қалай және қандай көлемде жүргізетініне тікелей байланысты. Әңгіме Ұлттық қордан бюджетті толтыру операциялары туралы болып отыр. Бұл теңгенің траекториясына негіз болатын фактор», – деді қаржы сарапшысы.

Сонымен қатар ол теңге стратегиялық тұрғыдан айтарлықтай тұрақты деп есептейді.

«Brent бағасы аздап өзгеруде, бірақ ұзақ мерзімді перспективада ол мақсатты 92 доллар деңгейінде қалыптасады. Сондай-ақ Қазақстанның сауда балансының профициті маңызды қолдау болып қала беретінін де есте ұстаған жөн. Бүгінге валюта бағамының құбылуына қатысты күтулер мынадай: АҚШ доллары дәлізде 445-447 теңге, еуро – 485-495 теңге, рубль – 4,45-4,65 теңге, юань – 61-63 теңге болады», – деп болжады сарапшы.

Рубльдің құлдырауы инфляцияға қысымды төмендетеді. Алайда…

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв өзінің авторлық арнасында рубльдің құнсыздануы Қазақстан экономикасына қалай ықпал ететінін атап өтті.

Оның пайымынша, «қызыл ақшаның» қысқа мерзімде құлдырауы инфляцияға қысымды төмендетеді, өйткені Ресейден келетін азық-түлік импорты біздің дүкен сөрелерінің 30-40%-ын құрайды. Орта мерзімді перспективада бұл өз өндірісіміз рентабельділігі бойынша елеулі сұрақтар тудырады. Бізде Ресей импорты артуы мүмкін», – деп жазды маман.

Оның ойынша, қазір ресейлік тауарлардың нарықты жаулап алуына жол бермеу үшін экономикаға бұрынғыдан да көбірек несие беру қажет.

«Ұзақ мерзімді перспективада рубль одан әрі құлдырауы мүмкін, бұл инфляцияның өсуімен бірге Ресейдің өз нарығын қамтуы туралы үлкен сұрақтарды тудырады. Біз 2022 жылы қант сияқты кенеттен жаңа экспорттық тыйымдарға дайын болуымыз керек», – дейді сарапшы.

Еске сала кетсек, теңге өткен жылдың желтоқсан айынан бастап рубльдің құбылуына қарамастан тұрақтылығын сақтап келеді. Сарапшылар мұны өзара сауданың бір бөлігін «қызыл ақшамен» емес, теңгемен жасағанның ықпалы деп топшылауда. Алайда бұл қаншалықты ұзаққа жалғасады? Мұны нарық көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз