Биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 70%-ға жуығы қазақ тілінде оқуды таңдады – Оқу-ағарту министрлігі

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың шамамен 70% қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің  баспасөз қызметі  хабарлады.

«Жаңа 2023-2024 оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алады, оның ішінде 364 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. Балалардың 68,2 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдады», делінген баспасөз хабарламасында.

Жалпы, қазақ тілінде білім алуды таңдайтын оқушылар саны жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады. 2021 жылы балалардың 64 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Ал биыл бұл көрсеткіш 4,2%-ға артып отыр.

Бірінші сыныпқа қабылданушы оқушылар, әсіресе, Алматы қаласында, Түркістан
және Алматы облыстарында көп. Соның ішінде балалардың мемлекеттік тілде білім алуы бойынша Шымкент қаласы, Түркістан және Алматы облыстары көш бастап тұр.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда 7,7 мың орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мектептерде сапалы дайындық пен оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру, сынып-кешендерін қалыптастыру қолға алынып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз