Жаңалықтар

Елімізде жеті айда 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Фото: kursiv.media

Қаңтар-шілдеде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8%-ті құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты.Министрдің айтуынша, нақты сектор – 4,6%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 4,7%-ға өсті.

«Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4%-ды құрады», – деді Қуантыров.

Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 57,7%, білім беруде – 24,3%, саудада – 22,6%, ауыл шаруашылығында – 21,3%, сондай-ақ өнеркәсіпте – 9%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 8,4%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалды.

«Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 4,3%-ға өсіп, 67,2 млрд долларды құрады. Экспорт 38 млрд долларды құрады. Өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 29,3 млрд долларды құрады. Оң сауда балансы 8,7 млрд долларға тең», – деді Ұлттық экономика министрі.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3%-ға өскен. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.

Азық-түлік өндірісі – 4,5%, химия өнеркәсібі – 4,1%, металл бұйымдары – 8,1%, сусындар өндірісі – 6,4%, пластмасса бұйымдары – 8%, жеңіл өнеркәсібі 21%-ға өсті.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,8%-ға жоғарылады.

Мұнай өндіру – 5,6%, газ өндіру – 2,5%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14,2%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету 2,4%-ға өсті. Металл кендерін өндіру 0,5%-ға, көмір өндіру 6%-ға төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2%-ға ұлғайды.

«17 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды. Қаңтар-шілдеде 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға жоғары», – деді министр.

Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында байқалды.