Жаңалықтар

Шілде айында әуе тасымалымен айналысатын компаниялар 80,5 млрд теңге табыс тапты

Фото: kursiv.media

Әуе компаниялардың табысы рекордтық көрсеткіштерге жетті, деп хабарлайды @DataHub телеграм арнасы. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2023 жылдың шілдесінде әуе тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың кірісі 80,5 млрд теңгені құраған. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 73,6 млрд теңге болған.

Ағымдағы жылдың 7 айында компаниялардың жиынтық табысы өткен жылдың сәйкес кезеңінде 276,8 млрд теңгені құраса, биыл 418,1 млрд теңге болды.

Көрсеткіштердің көтерілуіне жолаушылар ағынының артуы әсер етті. Себебі әуе компанияларына негізгі кіріс жүк тасымалынан емес, адам тасымалдаудан түседі. 2023 жылдың қаңтар-шілде айында әуе кемелерінің қызметін пайдалаған жолаушылар саны 7,3 млн адамды құраған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 26,1%-ға артық. Сонымен қатар, шілде айында да рекорд орнады, бұл айда – 1 миллион 384,9 мың жолаушы тасымалданған.

Сонымен қатар әу компаниялардың кірісінің артуына бағаның өсуі әсер етті. Атап айтқанда авиа компаниялардың қызметі 2023 жылдың басынан бері 48,4%-ға қымбаттаған. Бұл орайда ақпан (+21,5%) мен сәуір (+17,7%) айларында бағалар ерекше көтерілген. Ал шілде айында қызмет құны 4 пайызға өскен.