Жаңалықтар

Жер қойнауын пайдаланушылар ХӘОТ тобына жататын азаматтарды оқытуға қаражат бөледі

Фото: kursiv.media

Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушыларға халықтың әлеуметтік осал топтарынан азаматтарды оқытуға қаражат бөлуге міндеттелді, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

2023 жылғы сәуірде жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, ол құжат күшіне енген.

Оған сәйкес:

1. техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде дуальді оқыту жүйесінде білім алушылардың кәсіптік практикадан өтуі үшін қаражаттың бағыты қосылды;

2. ҚР азаматтарының біліктілігін арттыруға, қайта даярлауға қаражаттың бағыты қосылды;

3. халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына жататын жер қойнауын пайдаланушының жұмыскерлері болып табылмайтын қазақстандық кадрларды оқытуға жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерінің жалпы көлемінің 30% мөлшерінде міндетті ең төменгі шегі белгіленді.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімі кеңейтілген. Атап айтқанда, оған ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын азаматтар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін аурулар тізімінде көрсетілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінен зардап шегетін адамдар қосылған.

Ережеге мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға қаражат жіберу туралы міндеттеме енгізілген. Яғни ғимараттар мен құрылыстарды салу, күрделі және ағымдағы жөндеуге қаражат бөледі. Сонымен бірге ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, серверлік жабдықтың объектілері мен технологияларын іске қосу, баптау, жөндеу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, бейімдеу және қолдану, деректерді өңдеу жөніндегі қызметтер, сәулет-жобалау жұмыстары, ғимараттар мен құрылыстарды салуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге байланысты кешенді инженерлік қызметтер де қаржыландырылатын тізімге енген.

Толық тізім ҚР Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған.