Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасы құрылды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын құру үрдісі аяқталды. IT жоба ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетімен мақұлданып жүйе пилоттық режимде пайдалануға берілді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Комитет «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және жобалаушылар қауымдастығына, сондай-ақ мердігер ұйымдар мен басқа да мүдделі тұлғаларға  www.rcmbase.kz сілтемесі бойынша жаңа салалық ақпараттық жүйемен танысуды ұсынады.

Комитеттің құжаттарында автожолдарды орташа  және күрделі жөндеу, олардың құрылысы мен реконструкциялау кезінде, сондай-ақ жобалау сметалық құжаттама әзірлеу барысында құрылыс материалдары мен технологияларды аталған бірыңғай базада ұсынылған карьерлердің, битум және асфальт зауыттарының материалдарын ескеріп, пайдалануы қажет екендігі атап өтілді.

«Бірыңғай база – ҚазжолҒЗИ-дың әзірлемесі. Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылдың соңында басталған. Жоба жолдардың сапасын жақсарту бойынша ұсынылған міндеттерге жауап беретін тиімді механизм ретінде ұсынылды. Заманауи цифрлық өнім құрылыс материалдары мен жол құрылысы технологияларын пайдалануды жүйелеуге, жолдарды жобалауды ашық әрі сапалы етуге мүмкіндік берді. Адами факторларға байланысты тәуекелдер барынша азайтылады», дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімінің басшысы Салтанат Әшімова.

Жаңа технологиялар мен материалдар алдымен зертханалық жағдайда және әртүрлі климаттық аймақтарда жол сынақтарының екі жылдық циклінде сынақтан өтеді. Тексеру нәтижелерін жол құрылысы сарапшылары, ғалымдар, жобалаушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін жаңа технологиялармен материалдарды енгізу және игеру жөніндегі техникалық кеңес зерделейді. Мақұлданған жағдайда әр позиция рейтингке енгізіліп, белгілі бір жолдарда қолдануға арналған ұсыныс алады.

«Біз елдегі барлық карьерге ревизия жасаймыз және олардан алынған сынамаларға зертханалық талдау жүргіземіз. Осы мәліметтер негізінде Бірыңғай базада қиыршық тас және құм кен орындарының онлайн картасы жасалды. Бұл құрылысшылар мен дизайнерлерге жол сапасына зиян келтірместен уақытты үнемдейді. Жыл көлемінде біз Алматы, Жетісу, Түркістан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істеп тұрған карьерлерге олардың қуаттылығы туралы мәліметтерді өзектендіру, сондай-ақ сынамаларды жинау және сынау үшін бардық. Зерттеу нәтижелері бойынша жол жабынының әртүрлі қабаттарында жол-құрылыс материалдарын қолдану салалары айқындалды», деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ Алматы филиалының зерттеу зертханасының меңгерушісі Ғалия Асанова.

База жаңа материалдар мен технологиялар, карьерлер мен зауыттардың жұмысындағы өзгерістер, сондай-ақ климаттық өзгерістер мен пайдаланушылардан келіп түсетін ұсыныстарды ескере отырып, үнемі жаңартылып отырады.

Сондай-ақ оқыңыз