Қазақстан-Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 578,5 млн долларды құрады – АШМ

Жарияланды

Осы жылдың қаңтар-маусым аралығында Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 73%-ға артып, 578,5 млн долларды құраған. Бұл жайлы Ауыл шаруашлығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының ҚХР-ға сапары аясында биылғы жылдың мамыр айында бұршақ пен жасымық, күнбағыс тұқымы, соя, мақсары мен зығыр тұқымы, сондай-ақ балық өнімдері экспорты бойынша 3 хаттамаға қол қойылған. Бұл қазақстандық мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ҚХР-ға экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Айта кететін бір жайт қаңтар-маусым аралығында Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 73%-ға артып, 578,5 млн долларды құрады», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша  Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен бизнес-форумға қатысқан. Онда министр қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылық танытып отырғанын айтып, қытайлық компанияларды АӨК саласында бірлескен кәсіпорындар құруға шақырған.

Жалпы елімізде Қытай инвесторларының қатысуымен біраз жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда СҚО-да рапс майын өндіру, Түркістанда түйе және биенің құрғақ сүтін өңдеу және өндіру сияқты жобалар жұмыс істейді. Ал қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігінің пулында 225 миллион доллар тұратын тағы 6 инвестициялық жоба бар.

Сонымен бірге министрдің Қытайға сапары барысында Қытайдың төрт ірі қауымдастығы АӨК-те жан-жақты ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі бірлескен тұрақты орган тетігін құруға ниетті.

Екі тарап келісім шеңберінде шөлейттенген және тұзды-сортаңды жерлерді басқару және игеру, су үнемдейтін суаруды енгізу сияқты АӨК дамуын тежейтін мәселелерді бірлесіп шешу үшін цифрлық ауыл шаруашылығының жергілікті зерттеу базасын құру мәселесін көтерді. Сондай-ақ, тараптар зиянкестермен және түрлі ауруларымен бірлесіп күресуге келісті.

Сондай-ақ оқыңыз