Жаңалықтар

2027 жылға қарай жаһандық жеке капитал 629 триллион долларға дейін өседі

Фото: kursiv.media

Швейцариялық UBS банкінің жыл сайынғы жаһандық байлық есебіне сәйкес, 2022-2027 жылдар аралығында жаһандық жеке капитал 38%-ға өсіп, 629 триллион долларға жетуі мүмкін.

Банк келтірген мәліметтерге сенсек, миллионерлер саны артып, 3-4 жылдан кейін әлемде олардың саны 86 миллионға дейін жетеді.

«2027 жылға қарай бір ересек адамның әл-ауқат деңгейі 110 270 долларға көтеріліп, миллионерлер саны 86 миллион адамға дейін артады деп күтілуде. Ал байлығы 100 миллион доллардан асатын дәулеті бар адамдардың саны да 372 000 адамға дейін артады», – делінген банк есебінде.

2022 жылы әлем халқының ең ауқатты 1% иелік ететін байлық 44,5%-ға дейін төмендеген болатын. Бұл 2008 жылғы дағдарыстан кейін алғаш рет қайталанған оқиға болды. Миллионерлер саны да өткен жылы 3,5 миллионға азайып, 59,4 миллионға төменеген. Бұған инфляция мен көптеген валюталардың долларға шаққандағы құлдырауы әсер еткен.

Қазір АҚШ-та 22,7 миллион, Қытайда 6,2 миллион, Ұлыбританияда 2,6 миллион миллионер бар. Жапонияда да ауқатты адамдар саны 3,2 миллионнан 2,6 миллионға дейін қысқарды. Миллионерлері азайға мемлекет арасында Австралия да бар. Ол елде 360 мың адам миллионер деңгейінен түскен. Қазіргі таңда ол елде барлығы 1,8 миллион миллионер бар.

Швейцариялық Credit Suisse (CS) банкінің әлем елдеріндегі әл-ауқат деңгейі туралы Global Wealth Report 2022 аналитикалық есебінің деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың соңына қарай Қазақстандағы долларлық миллионерлердің үлесі республиканың ересек тұрғындарының 0,3%-ын құрады. Нақтыласақ, 36,9 мың адам. 2020 жылмен салыстырғанда мұндай деңгейдегі қазақстандықтардың саны 50,9% өскен. Пандемияның бірінші жылында байлығын миллиондаған АҚШ долларымен өлшейтін байлар, дереккөзге сүйенсек, елде 24,5 мың адам болған.