АИ-95-ке қатысты жағдай қазан айында тұрақталады – Энергетика вице-министрі

Жарияланды

Қазан айында АИ-95 бензиніне сұраныс азайып, жағдай тұрақталады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Бұған дейін БАҚ-та елімізде АИ-95 бензині тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстан 80 мың тонна АИ-95 өндіреді және сондай көлемде тұтынады.

«Шымкент мұнай өңдеу зауытында болған соңғы жағдайды білесіздер. Қазір ол жерде тек АИ-92 шығарылып жатыр. Біз қазанда АИ-95-ке қатысты жағдай тұрақталады деп отырмыз. Бұл Шымкенттегі зауытта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты. Қазір елдің оңтүстік өңірлерін Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр», – деді ол Екібастұзда өткен жиында.

Вице-министр АИ-95 қоры 19 күнге жететінін айтты.

«Батыстан оңтүстікке бензин жеткізу үшін уақыт керек. Біз «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен жұмыс істеп жатырмыз. Мұнай өнімдерін тасымалдауға қатысты ҚТЖ-ға шағым жоқ. АИ-95-ке қатысты іркіліс тұтынудың ең жоғары маусымымен байланысты. Мұндай жағдай көбіне демалыс күндері байқалады», – деді Ерлан Ақкенженов.

Ол мәселенің себебін де түсіндірді. Айтуынша, демалыс күндері мұнай базалары жұмыс істемейді.

«Осыған байланысты жанар-жанармай құю станцияларына бензинді жеткізуге, мұнай базаларында жанармайға ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеуге мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ ішкі туризм де дамып жатыр. Мұны демалыс орындарына бара жатқан жанар-жағармай құю станцияларындағы көліктердің санынан байқауға болады. Халықты АИ-92 және АИ-95 бензинімен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз», – деді министрдің орынбасары.

Ерлан Ақкенженов АИ-95 бензинінің бір бөлігі Ресейден жеткізілетінін айтты.

«Биыл Қазақстан АИ-95 бензинінің 40 мың тоннасын импорттауды қарастырған. Қазірге дейін тиісті келісімшарт жасалды. Импорт тамызда жасалады. Бірінші импорт – 19 мың тонна (АИ-95). Ол бірнеше ай болады. Шымкент МӨЗ толық қуатына көшкенде АИ-95 бензиннін өндіруді бастаймыз», – деді вице-министр.

Сөз соңында ол қыркүйекте АИ-95-ке сұраныс азайып, жағдай тұрақталатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз