«АрселорМиттал Теміртау» шахтасында тағы да апат: конвейер таспасынан өрт шығып, жүзден аса адам қауіпті аймақта қалды

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шыққан. Жүзден аса адам қауіпті аймақта қалып отыр. Бұл туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазір, шахтада апатты жою жоспары іске асырылып жатыр. Апат болған жерге, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин мен Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жетті.

Ақпаратқа сәйкес, апат салдарын жою үшін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» (КӘАҚҚ) құтқарушылары жұмыс істеп жатыр.

«17 тамызда сағат 10:05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Қазақстан» шахтасында Д6 (горизонт – 170 м) көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасының өртенуі орын алды, апатты жою жоспары енгізілді. Шахтаны желдету жүргізіледі (ауа беру кері позицияға ауыстырылды). Орынға «КӘАҚҚ» РО 3 бөлімшесі (15 қызметкер және 5 техника бірлігі) және ТЖД (8 қызметкер және 2 техника бірлігі) келді. Шахтада барлығы 227 адам болды, шахтаның қаптал арқылы адамдарды жер бетіне шығаруда. Қазіргі сәтте 65 адам жер бетіне шығарылды. Бұл жерге қосымша «КӘАҚҚ» РШМ (15 қызметкер және 3 техника бірлігі) және ТЖД (8 қызметкер және 2 техника бірлігі) күштері келеді, – делінген жедел хабарламада.

Сонымен қатар, «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі»  мен Төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері тартылды.

Компанияның баспасөз қызметі қосымша ақпарат кейінірек хабарланады деп сендірді.

Естеріңізге саламыз, 2022 жылы қараша айының басында  «АрселорМиттал Теміртау» шахталарының бірінде газ апаты болып, салдарынан 5 адам қаза тапқан еді.

Аталған компанияның шахталарында 2006 жылдан бері 20-дан аса апат болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев шахтада қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтып, кәсіпорынға кешенді тексеру жұмыстарын жүргізу керек екенін айтқан болатын.

«Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының  сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі», деген еді Президент. 

Сондай-ақ оқыңыз