Екібастұздағы апаттан кейін жылу электр орталығын жөндеуге Клебанов қанша ақша бөлді?

Жарияланды
Екібастұздағы апаттан кейін жылу электр орталығын жөндеуге 20,6 млрд теңге бөлінген/ Фото: kursiv.media

Екібастұз ЖЭО-да шыққан апаттан кейін жөндеу жұмыстарына 20,6 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты.

Екібастұзда өткен брифингте журналистер «Олигарх Александр Клебанов өз қалтасынан Екібастұз жылу электр орталығын жөндеуге қанша ақша салды?» деп сұрады.

«Жалпы Екібастұз ЖЭО-сына 20,6 млрд теңге бөлінді. Қазірге дейін оның 8,4 млрд теңгесі – мемлекеттің қаражаты. Ақша 5 су жылыту қазандығын күрделі жөндеуге бөлінді. Қалған 13,5 млрд теңгені Екібастұз жылу орталығының акционерлері, яғни ОАЭК (ЦАЭК) корпорациясы бөлді», – деді Асайын Байханов.

Оның айтуынша, қыстағы төтенше жағдайдың салдарымен күресуге 3,5 млрд теңге бөлінген.

«Сондай-ақ 10 млрд теңге 5 энергетикалық қазандықты жөндеуге, қосымша жабдықтар мен ғимараттарды жөндеуге қосымша 9 млрд теңгеге жуық бөлінді. Сондықтан Екібастұз ЖЭО-ны жөндеуге мемлекет тарапынан – 40-45%, ОАЭК қаражаттың 55-60%-ын бөлді», – деді облыс әкімі.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұздағы апат қайталанбауы үшін жыл сайын 5-9 млрд теңге қажет болатынын айтты.

«Енді жылдан жылға жаңа сметалық құжаттар дайындалады. Жыл сайын құбыр, темір, жөндеу жұмыстарының бағасы өзгеріп жатыр. Сондықтан жобаның құнын қарастырамыз. Бірақ жыл сайын шамамен (жылу желісін ауыстыруға) аз дегенде жөндеуге 5-9 млрд теңге керек», деді әкім.

Еске сала кетсек, былтыр қыста Екібастұздағы жылу электр орталығында апат болып, қала халқы жылусыз қалды.

Бұған дейін Орталық Азия энергетикалық компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Орал Екібастұз жылу электр орталығына жаңғырту жүргізуге 15 млрд теңге қажет екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз