ІІМ есебі: Жарты жылда 14 тоннадан артық есірткі тәркіленген

Жарияланды
Фото: Ақорда

Елімізде жарты жылды 14,3 тонна есірткі тәркіленген. Бұл жайлы мемлекет басшысының қабылдауында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.

Министр президентке еліміздегі криминогендік ахуал жөнінде мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша елде қылмыс саны азайған. Сонымен қатар ол мемлекет басшысына CyberPol жобасының нәтижелері туралы айтып, есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысымен бөлісті.

«Жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ күштері 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тоннапрекурсор тәркіледі. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тіркелді. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды», деді Марат Ахметжанов.

Министрлік басшысы отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілікті қатаңдағанын мәлімдеді. Сонымен бірге жол-көлік оқиғаларының алдын алу және шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарының нәтижелеріне қатысты есеп берді.

Өз кезегінде президент құқық қорғау органдарына азаматтардың конституциялық құқықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ басшылығына құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ оқыңыз