«KEGOC» АҚ 2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы қызметін қорытындылады: таза пайда 23 млрд теңге

Жарияланды

Қазақстан қор биржасында «KEGOC» АҚ «Эмитент күні» іс-шарасы өтті. Кездесу барысында инвесторлар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мен БАҚ өкілдері компанияның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің нәтижесімен танысты.

Жиында «KEGOC» АҚ басшылығы акционерлеріне дивидендтер төлеу тақырыбына тоқталды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша компания 30,1 млрд теңге мөлшерінде дивидендтер төлеген. Бұл туралы жүйелік оператордың Қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева мәлім етті.

«2014 жылы акцияларды орналастырғалы бері компания өз акционерлеріне 218 млрд теңгеден астам дивидендтер төледі, бұл бір акцияға 838,9 теңгені құрайды. Бұл біздің нарық үшін айтарлықтай қомақты сома. Біздің компанияның саясатына сәйкес дивидендтер жылына екі рет – жарты жылда және жылдың соңында төленеді», – деді  Әкімбаева.

Осы тұста спикер дивидендтер төлеуге бөлінген сома таза кірістің кемінде 40%-ын құрайтынын атап өтті.

«Жылдың соңында немесе жартыжылдықта төленген дивидендтер сомасы компанияның таза табысының 100%-ына тең немесе одан да көп болуы мүмкін. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ таза кірістің 122%-ы немесе 30,1 млрд теңге көлемінде дивидендтер төледі», – деп толықтырды компания өкілі.

Бүгінде «KEGOC» АҚ жүйелік оператор ретінде Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) жұмысын қамтамасыз етуде. Мәселен, 2023 жылдың алғашқы 6 айында өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады.

Осы кезеңде реттеліп көрсетілетін қызметтердің көлемі: электр қуатын беру бойынша 31,2 млрд кВт/сағ, техникалық диспетчерлеу бойынша 53,5 млрд кВт/сағ және теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша 104,1 млрд кВт/сағ болды, бұл тиісінше 2022 жылғы кезеңнің көрсеткіштерінен 12,3%, 2,7% және 2,5%-ға жоғары.

Жалпы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі қызметтен түскен кіріс 114,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде:

  • электр қуатын таратудан түскен кіріс – 80 024 млн теңге;
  • электр қуатын диспетчерлеуден түскен кіріс – 16 803 млн теңге;
  • теңгерімдеуді ұйымдастырудан түскен кіріс – 10 618 млн теңге;
  • негізгі қызмет бойынша басқа да кірістер – 6 905 млн теңге болды.

2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда негізгі қызметтен түсетін кіріс 11 572 млн теңгеге немесе 11,3%-ға өсті, оның 10 061 млн теңгесі реттелетін қызметтер бойынша тарифтер мен көлемнің өсуі нәтижесінде қалыптасқан.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайда 23 017 млн теңгеге жетіп, 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 005 млн теңгеге немесе 64,3%-ға артты. 2023 жылдың нәтижесі бойынша компанияға түсетін таза пайда деңгейі 31 470 млн теңге, бұл 2022 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 17,7%-ға жоғары.

Болжам бойынша бұл өсім бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда:

– «ұлттық электр торабын пайдалану» жаңа қызметін енгізуге ықпал еткен электр қуатын бірыңғай сатып алушының моделін енгізу нәтижесінде көрсетілетін қызметтер көлемінің едәуір артуы күтілуде;

– электр қуатын бірыңғай сатып алушының үлгісін енгізу жаңа қызметтерді енгізуді ескеріп, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тарифтерді бекіту бойынша өтінім беру науқанын сәтті өткізуге мүмкіндік берді;

– теңгерімдеуші нарықтың енгізілуіне байланысты электр қуаты нарығы құрылымының өзгеруі ауытқулардың сағаттық көлемін өтеу мақсатында электр қуатын сатып алу-сату жөніндегі операциялардан айналымдар нөлдік маржа болады деп болжанады. Басқаша айтсақ, электр қуатын импорттау механизмінің болмауына және оны бекітілген көлемнен ауытқуға жол берген тұтынушыларға бөлуге байланысты «KEGOC» АҚ Ресей Федерациясынан келісім-шартсыз жеткізілген электр қуатын сатып алу үшін тарифте көзделмеген шығындарды көтерді. Нарықтың жаңа түрі мұндай шығындардан құтылуға мүмкіндік берді.

Айта кетерлігі, KEGOC акциялары жоғары өтімділік үрдісі мен тұрақты өсімді көрсетті. Компанияның акциялары қор биржасында орналастырылған сәттен бастап акциялардың бағасы үш еседен астам – 505 теңгеден 1577 теңгеге дейін өсті (2023 жылғы шілде).

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторының функцияларын орындайды, Ұлттық электр желісінің (ҰЭЖ) активтерін иеленеді әрі басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Компанияның иелігінде ұзындығы шамамен 27 000 км кернеуі 220-1150 кВ электр тарату желілері және ҰЭЖ құрайтын 38,99 ГВА трансформаторлардың белгіленген қуаты бар 82 электр қосалқы станция бар.

Сондай-ақ оқыңыз