Жаңалықтар

АЭС салудың экологиялық, экономикалық, табиғи-климаттық факторлары талқыланады

Развивающиеся страны станут локомотивом развития атомных станций
Фото: kursiv.media

2023 жылғы 22 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша көпшілік талқылау өтеді.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы, Үлкен ауылының аумағы ұсынылған. Содан кейін зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, мақұлданған.

Ал енді Қазақстан Республикасы «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының 12-бабына сәйкес Үкіметтің АЭС орналастыратын жерді таңдау туралы тиісті шешімді қабылдау үшін құрылыс жүретін орын жердегі жергілікті өкілдердің келісімі талап етіледі.

«Осыған байланысты Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі тұрғындардың өз аумағында АЭС салу мәселесіне қатынасын анықтау мақсатында осы талқылауларға бастамашылық жасады. Тыңдауларда экология, денсаулық, табиғи-климаттық факторлардың АЭС-ке әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелерді талқылау жоспарлануда», делінген баспасөз хабарламасында.

Тыңдауға халық, БАҚ өкілдері, Алматы облысының қоғамдық кеңесі, ҚР Энергетика министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Ядролық физика институты» РМК, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығы, Қазақстанның ядролық қоғамы және экология, сейсмика, қауіпсіздік, энергетика, инфрақұрылым, ШОБ және т.б. салалардағы салалық сарапшылар қатысады.

Тыңдау барысында азаматтар технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да өздерін қызықтыратын кез келген сұрақтарын қоя алады.

Жалпы АЭС салу үшін бұл мәселе бірталай кезеңдерден өтуі керек. Атап айтқанда, 9 кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте АЭС орналастыру ауданы бойынша зерттеулер жүргізіледі. Ол кезең қазіргі уақытта аяқталды. Енді талқылау кезеңіне өтті. Талқылау сәтті өтсе, бұл мәселе мәслихатқа жіберіледі. Мәслихат мақұлдаған соң, Үкімет таңдалған жерді мақұлдауға қатысты шешім шығарады. Үкімет шешімі шыққан соң АЭС-тің қандай технологиямен салынатыны анықталады. Ол белгілі болған соң, АЭС-ті орналастыру, жобалау салу үшін инженерлік ізденістер жүргізіледі. Инженерлік зерттеулерден соң жобалау алдындағы құжаттамаларды дайындау кезеңіне өтеді. Құжаттамалар дайын болған соң қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Қоғамдық тыңдаулар өткен соң ғана Үкімет АЭС салу туралы шешім шығарады.

Еске сала кетеміз, Алматы облысы, Жамбыл аудандық әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қоры Атом электр станциясы құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдауды 28 ақпанға жоспарлаған болатын. Алайда, ол жиын өтпей қалған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария еткен болатын.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар.

Ал, 2023 жылдың 13 шілдесінде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

«Қазақстанда атом электр стансасы бола ма, жоқ па, шешім шығаруға бірнеше факторлар әсер етеді. Осы мәселелерді шешіп алған соң ғана біз, қай өндіруші немесе сатушымен құрылыс бастайтынымызды айтатын боламыз. Ал қазірше бұл мәселеде сұрақтар көп. Біріншіден атом электр стансаларының орналасатын жерін анықтау керек. Құрылыс басталатын жерін анықтап барып, шешім қабылдауымыз керек. Өйткені құрылысқа қатысты су және экология сияқты бірқатар талаптар бар», дейді Жақыпов.