Алматыда жаңа оқу жылында мектепке 30 146 бала барады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева хабарлады.
Жалпы республика бойынша биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың шамамен 70%-ы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Нақтырақ айтсақ, 2023-2024 оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алады, оның ішінде 364 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. Ол балалардың 68,2 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған.
Ал Алматы қаласы бойынша 30146 баланың ішінен 16016 бала қазақ тілінде оқуды таңдаған. Яғни оқушылардың 53 пайызы қазақша, 47 пайызы орыс тілінде оқиды.
«1-сыныпқа қабылдау 1 тамызда аяқталды. Бүгінгі таңда 30 146 бала қабылданды, оның ішінде жекеменшік мектептерге баратын – 3 789 бала. Орта білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттердің 75,6% жаңартылды. Мектептерде барлығы 847 пәндік кабинет, аап айтқанжа химия, физика, биология, оның ішінде 640 кабинет заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Сонымен қатар 75 STEM және робототехника кабинеттері сатып алынды», деді Жылқыбаева.
Сондай-ақ, ол жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында тағы 147 кабинет, оның ішінде: 34 химия, 31 физика, 39 биология, 23 STEAM және 20 робототехника сатып алынғанын, бұл жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша оқытуды тәжірибеге бағдарлауға мүмкіндік бергенін айтты.
Балаларды мектепке 100 мектеп автобусы тасиды
«Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап “Мектеп автобусы» жобасы басталады. Бұдан бұрын біз мектепке баратын жолы қиын 1-11 сынып аралығындағы балаларды тасымалдау қажеттілігін талдаған болатынбыз. Жалпы тасымалдау қажеттілігі 12500 баланы құрайды. Бүгінгі күні 100 мектеп автобусын сатып алынды. Сыйымдылығы 21 орындық 50 автобус және 40 орындық 50 автобус. Биыл біз қаланың 7 ауданынан 30 мектептен 7 722 баланы тасымалдаймыз. Ол үшін тасымалдау қызметтеріне бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған. Оны «АлматыЭлектротранс» жүзеге асыратын болады”, дейді басқарма басшысы.
1 қыркүйектен бастап барлық автобустар балаларды тиісті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бекітілген маршруттар бойынша тасымалдайды. «Мектеп автобусы» жобасын іске асыру оқушылардың ата-аналарына көмектесуге, мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін арттыруға және жол қозғалысы трафигіне жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі мақсатында мектеп автобустарында 279 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Балалардың қауіпсіздігіне 4,9 млрд теңге бөлінген
Мектепте балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілген. Ол жүйе тікелей полицияның басқару орталықтарымен интеграцияланған.
«Тағы бір ірі жоба – Кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу. Биылғы жылдың соңына дейін барлық 214 мемлекеттік мектепте полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграцияланатын “дабыл түймелерімен», өткізу жүйесімен (турникеттер), өрт қауіпсіздігі жүйесімен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған Кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілетін болады. Бұл жоба жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын үш жылдық сервистік модель шеңберінде қаржыландырылады”, дейді Ләззат Жылқыбаева.
133 мың оқушы тегін тамақтанады
Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан қала әкімдігі мектептердің 1-4 сынып балалары мен халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды тегін тамақтандыру жобасын іске асыруда. Тегін тамақпен жалпы қамту 133 мыңнан астам оқушыны құрайды (немесе орта білім беру ұйымдарының жалпы контингентінің 45,3%). Жалпы 2023 жылға оқушыларды тамақтандыруға 20,4 млрд теңге қарастырылды. Бір күндік тамақтанудың құны – 800 теңге.
Басқарманың мәліметінше, «Жалпыға міндетті оқу» қорынан мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін әр балаға 43 мың теңгеден халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 15 653 мың баланың ата-аналарының шоттарына 673,1 млн тенге жолданған. Сондай-ақ, акция аясында осы санаттағы балаларға демеушілер есебінен көмек көрсетілген. Ондай көмекті алу үшін білім беру ұйымына өтініш беру қажет.