Кейбір ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілерде Қарағанды облысының полиция департаментіне сілтеме жасай отырып «Қазақстан» шахтасы қасақана өртелді деген мәлімет тарады. Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Қазіргі кезде тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, өрттің себебін анықтайтын сараптамалар тағайындалды. Облыс тұрғындарынан ықтимал қауесет пен арандатушылыққа берілмеуін, тек ресми ақпаратқа жүгінуін сұраймыз», делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметі ҚР Қылмыстьық кодексінің 274-бабына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді.
Еске сала кетсек, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын айтты.