Жаңалықтар

Үкімет өрт сөндіру мен техногенді апттар кезінде пайдаланатын дрон сатып алуға 633 млн теңге бөлмек

Ел үкіметі дрон сатып алуға 633 млн теңге бөлмек. Бұл құрылғыларды Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру, техногенді апаттар кезінде пайдаланады. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қаражат ұшақтарға арналған 5 су шашу құрылғысы мен 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға жұмсалады.

Қазіргі кезде ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биылғы өрт пен басқа да төтенше жағдайлар олардың саны жеткіліксіз екенін байқатқан.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ашық су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізетін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады. 

Еске сала кетейік, жыл сайын елімізде 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ 4 мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі.

Бұған дейін ТЖМ қызметкерлерін өртке қарсы киіммен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 918 млн теңге қарастырылғаны хабарланған.

Сонымен қатар, орман өрттерінің алдын алу үшін Үкімет резервінен 1,2 млрд теңге бөлінбек.