Барлық өңірде егін жинау басталды – Қарашөкеев

Жарияланды

Еліміздегі барлық өңірде егін жинау басталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.

Оның айутынша, биыл қолайлы ауа райы егін жинау жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік берді.

«Қазір республика бойынша барлығы 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды. Республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталды», – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын жалпы алаң – 24,0 млн га. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 651,8 мың гектарға көп. Оның 17,4 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналады.

«Әлеуметтік маңызы бар дақылдар бөлінісінде бидай жиналатын алаң – 13,7 млн гектар. Оның ішінде 1,5 млн гектардан астық жиналды, өнімділігі гектарына 11,8 центнер болып,1,8 млн тонна астық бастырылды», – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің дерегінше, 2 799,5 мың гектардан майлы дақылдар жиналуға тиіс. Бүгінде өнімділігі гектарына 6,9 центнер болып, 34,0 мың гектардан жиналған.

«Картоп 188,3 мың га алаңнан жиналуға тиіс, өнімділігі гектарына 208,9 центнер болып, 458 мың тонна жиналды. Көкөністер жиналатын алаң – 164,8 мың га, өнімділігі гектарына 216,3 центнер болып, 1,5 млн.тонна жиналды», – деді ол.

Министр биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және суармалы судың болмауына байланысты бірқатар проблемаға тап болғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз