Кедендегі кептеліс: cу дауына байланысты Қазақстан тарапы Қырғызстан көліктерін өткізбей қойды ма?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында бірнеше күннен бері 400-ден астам көлік тұр. Кезек тосып тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері бұл кептелістің себебін су дауымен байланыстырады. Қырғызстаннан бері қарай өте алмай тұрған көліктердің санының көбейгенін Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі растады.

«Ақ-Тілек-автодорожный» бақылау-өткізу бекетінің алдында жүк көліктерінің кептелісі тіркелді. Сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, Қырғызстаннан шығу үшін бекет алдында 430-ға жуық көлік кезекте тұр. Өткен тәулікте Қазақстаннан Қырғызстанға 274 көлік өтті», делінген баспасөз хабарламасында.

Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі Қырғызстан тарапының ешқандай шектеу қоймағанын және бақылау-өткізу бекеті әдеттегідей жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

Кедендегі көлік кептелісі 20 тамыз күні таңғы сағат 8:00-ден басталған. «Кең-Бұлун-Автодорожный» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінде ауыр жүк көліктері қаптай бастаған. Сол күні таңнан кешке дейін небары 15-ке жуық жүк көлігі ғана Қазақстан аумағына өте алған. Мұндай кептелістің себебін біреулер Өзбекстаннан келген көліктен есірткі табылғанымен байланыстырса, енді бірі «қырғыз тарапы су жібермей қойғаны себепті Қазақстан шекарадан көліктерді өткізбей жатыр» деген ақпарат таратқан.

Шекара маңындағы бұл жағдайды Қырғыз Республикасының халықаралық жүк тасымалдаушылары қауымдастығы төрағасының орынбасары Игорь Голубев растаған. Оның айтуынша, қазір «Ақ-Тілек» өткізу бекетінде сағатына 1 көлік қана өтеді. Негізінен бұл бекеттің өткізу қуаты сағатына 20 көлікті құрайды.

«Дәл осындай жағдай басқа бақылау-өткізу бекеттерінде де байқалады. Қазақстан тарапы кешіктірудің себебін түсіндірмейді. Менің ойымша, Қазақстан тарапы мұндай әрекеттерімен Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлардың еркін қозғалысы туралы қағидатын бұзады. Сонымен қатар, олар ЕАЭО беделіне нұқсан келтіреді», деген Голубев.

Бұл жағдайға байланысты Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Суару ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұлан Чортомбаев пікір білдірді.

«Сіздер біздің жүк көліктерді кеден бекеттерінен өткізбей, шекара бекеттеріңізде ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр еттіңіздер. Оның себебін: «су беруді тоқтаттық» деп түсіндіруде сіздердің тарап. Көктемнен бері Киров және Орта-Токой су қоймаларынан үздіксіз су беріп тұрдық. Өзімізде су болмаса да екі ел арасындағы келісім, хаттама, міндеттемелерді толық орындадық», деген институт басшысы.

Жаз айларында судың болмауына байланысты су жібере алмағанын айтқан ол, дәлел ретінде спутниктен түсірілген фотоларды салған.

Су қоймасы көктем кезінде толған/ Фото: Ұлан Чортомбаевтың парақшасынан

«Көріп отырғаныңыздай, бұл Киров су қоймасының көктемде су толған кездегі алғашқы спутниктік суреті. Ал екінші фото бүгінгі күннің жағдайы. Су жоқ. Су жоқ болса не бере аламыз? Су бар кезде су берілмейді деп ойламаңыздар. Қазір 21 ғасыр. Барлығын спутник арқылы көруге болады. Бұл судың түбінде балықтар бар. Осы суды төгіп тастасақ, балықтар өледі. Өйткені, балықтардың өмір сүруге құқығы бар. Бір-бірімізге бөгет жасамай, ағайындық қарым-қатынаста жұмысымызды жалғастырайық. Шекараларыңызды жаппаңыз, керісінше көліктердің жиі өтуіне мүмкіндік беріңіз. «Ынтымақ бар жерде бірлік бар». Ырысқымызға түкірмейік», деп үндеу айтқан институт директоры ертең тағы да су қажет болатынын ескерткен.

Су қоймасының қазіргі жағдайы / Фото: Ұлан Чортомбаевтың парақшасынан

Шекарада не себепті кептеліс болып жатқаны туралы Қазақстан тарапы ешқандай ақпарат таратпады.

Еске сала кетсек, 11 тамыз күні Қазақстан тарапы Киров су қоймасынан келісілген мөлшерде су берілмегенін мәлімдеді. Талас өзенінің былтырғы жылдың тамыз айындағы кестелік көрсеткіш бойынша Қазақстанның қажеттілігі 45 м3 / сек құрайтын, іс жүзінде су берілмеген – 0 м3/сек. 

Ал 14 тамыз күні Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамту жағдайына қатысты түсініктеме беріп, Қазақстанға су тапшылығы жайлы ескертілгенін мәлімдеді. 

Жалпы Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегендігіне байланысты Қазақстан шамамен 560 гектар алқаптағы егінінен айырылды. Осыған байланысты министрлік биылғы жылы су қоймасына су түсімі ұлғайған кезде Қазақстанға су ағызу ұлғайтылады немесе тірі ағынмен жұмыс істейтін болады деген келісім жасалғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз