Жаңалықтар

АЭС салу бойынша Үлкен ауылындағы алғашқы қоғамдық талқылау қалай өтті?

Развивающиеся страны станут локомотивом развития атомных станций
Фото: kursiv.media

Атом электр станциясын салу жөнінде Үлкен ауылында өткен алғашқы қоғамдық талқылау даумен басталды. Тұрғындарға жиналыс өткізуге келгендердің жиынды орыс тілінде бастағаны ұнамады. Жиынға келген тұрғындар «Халық қарсы» деп ұрандатты. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінді.

Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.

Билік тарапы АЭС-тің экономикалық жағынан артықшылықтары бар екенін, бұл Қазақстаннның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтты. Жамбыл ауданының әкімі Ертас Нұрлан:

«Үлкен елді-мекеніне АЭС салынады деген мәселе баяғыдан көтеріліп келеді. Бұл күнге де жеттік. Жеке өзім бұған өте қуаныштымын. Қазір 200 млрд теңгеден астам жобалар осы электр энергиясының жеткіліксіздігіне байланысты тоқтап тұр. Үлкендіктер оның бізге қаншалықты керек екенін біледі», деді.

Артынша басқа да сарапшылар пікір білдіріп, АЭС-тің маңыздылығы туралы, оның Балқаш көлі мен орналасатын жеріне зияны болмайтынын жеткізді. Ал экологтар бұл пікірмен келсіпейді.

Эколог Мэлс Елеусізов АЭС Балқашты өлтіретінін айтты.

«Мен бұрыннан экология мәселесімен айналысып жүрмін. Балқаштың орташа тереңдігі небары 6 метр ғана. Қазіргі уақытта көлдің жағдайы өте нашар. Оның деңгейі қалыпты түрде төмендеп келеді. Атом станциясы жұмыс барысында жылу шығарады. Ол жылу Балқаш көлінің суымен суытылады. Нәтижесінде Балқаш өледі. Барлық тіршілік атаулы өледі. Түсінесіздер ме? Мен Үлкен ауылының жағдайын түсінемін. Бірақ бұл ауылда басқа да зауыт салып, жұмыспен қамтуға болады. Біз мұнда АЭС салу мәселесін емес, Балқашты құтқару мәселесін ойлауымыз керек. Өдеріңіз де білесіздер Қазақстан мұздықтарының 44 пайызы еріп бітті. Іле өзені жақын арада суалып, Балқашқа су жеткізе алмай қалады», деді.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі, эколог Могелюк Светлана АЭС маңында тұратын адамдардың қатерлі ауруға ұшырау жағдайы жиі кездесетінін айтты.

«Біз бүгін билік тарапының айтқанын тыңдап отырып, ешқандай базалық шындыққа саятын ақпаратты естімедік. АЭС салу денсаулыққа қауіпті емес деген нәрсе шындыққа жанаспайды. Көптеген зерттеулер жүргізілген. Сонда АЭС-тің денсаулыққа зиян тигізетіні дәлелденген. АЭС жанында тұратын балалардың лейкемия ауруына ұшырайтыны анықталған, өлімге алып келу салдары 24 пайызға артады. Бұл зерттеу нәтижесі. Атом электр станциялары радиоактивті толқындар шығарады. Мұнда шын сарапшыларға сөз сөйлеуге рұқсат бермей жатыр. Өйткені мұнда шындық айтылып жатқан жоқ«, дейді.

Сонымен бірге маман АЭС-ке көп қаражат жұмсағанша, одан арзан ақшаға өте қысқа уақытта көптеген баламалы энергия көздерін салуға болатынын айтады.

«АЭС-ке балама ретінде басқа энергия көздерін салуға болады. Атом электр станциясы қазір бәсекеге қабілетті энергия көзі болып саналмайды. Қазір барлық елдерде баламалы энергия көздерінің даму қарқыны жоғары. АЭС біріншіден қымбат. Екіншіден, өте зиян. Үшіншіден, көп уақытты талап етеді. Ал гибридті күн мен жел станцияларын одан арзан қаражатқа небары 3 жылда салуға болады. Осыдан кейін мынадай сұрақ туындайды, мақсат не? Басты мақсатымыз – жұртты энергиямен қамтамасыз ету ме, әлде жәй ғана АЭС салу ма? Бізге өте қымбат, өте қауіпті және көп уақытты қажет ететін энергия соншалықты керек пе?! Бұл орайда бізге жел мен күн энергиясына мән берген жөн. Мәселен, Австралияны алайық. Ол елде көмір көп. Бірақ олар күн мен жел энергиясын таңдайды. Бүкіл елдің энерго балансы, шамамен 80 пайызы осы баламалы энергия көздерінен тұрады», дейді эколог.

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы АЭС салудың саяси астары барын, мұны Ресейдің идеясы екендігін айтады.

«Біздің елде АЭС салу Путиннің ұсынысы. Оны бізге Ресей салғысы келіп отыр. Егер Балқашта АЭС салып, онда апат болатын болса, үлкендіктер ең алдымен сіздер уланасыздар, сіздер өртенесіздер. Қырық жыл Семей полигонының қырғынын басынан кешірген қазақ енді ондай апаттың қайталануына жол бермейді. Бұл мәселені Қазақстан халқы болып шешуіміз керек. Сол үшін бұл мәселені референдумға шығаруды сұраймыз. Бұл мәселені бір ауыл тұрғындары ғана емес, бүкіл халық боп шешуіміз керек», дейді.

Еске сала кетсек, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша көпшілік талқылау өтіп жатыр.

Жалпы Алматы облысы, Жамбыл аудандық әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қоры Атом электр станциясы құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдауды 28 ақпанға жоспарлаған болатын. Алайда, ол жиын өтпей қалған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария еткен болатын.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу да бар.

Ал, 2023 жылдың 13 шілдесінде «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жоспарлауда біршама қиындықтар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елде АЭС салу үшін бірінші кезекте мол көлемде су қажет.

«Қазақстанда атом электр стансасы бола ма, жоқ па, шешім шығаруға бірнеше факторлар әсер етеді. Осы мәселелерді шешіп алған соң ғана біз, қай өндіруші немесе сатушымен құрылыс бастайтынымызды айтатын боламыз. Ал қазірше бұл мәселеде сұрақтар көп. Біріншіден атом электр стансаларының орналасатын жерін анықтау керек. Құрылыс басталатын жерін анықтап барып, шешім қабылдауымыз керек. Өйткені құрылысқа қатысты су және экология сияқты бірқатар талаптар бар», дейді Жақыпов.