«Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі сөндірілген жоқ. Өрт сөндірушілер өртті гипстен көпірдер салу арқылы өшіру туралы шешімге келген. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
«22 тамызда сағат 8.00-дегі жағдай бойынша Қазақстан шахтасындағы жағдай: авариялық қазбадағы өрт ошақтары әлі де жанып жатыр, жағдай жақсарған жоқ. Өрттің таралуына жол бермеу үшін жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты КӘАҚҚ РШО шахтадағы аварияны жою штаб басшылығы гипстен көпірлер салу арқылы апатты учаскені оқшаулау туралы шешім қабылдады», делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта көпір салынатын орындар анықталып, қажетті материалдарды жеткізу жұмыстары басталған. Содан кейін барлық күштер апаттық учаскені оқшаулауға жіберіледі.
Еске сала кетсек, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.
Бұған дейін, Қарағанда облысының әкімдігі апат салдарынан қайтыс болған төрт кеншінің аты-жөнін жариялады.
19 тамыз күні Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын айтты.