Жоғары базалық ставка халықтың несие тәбетіне тежеу бола ала ма?
Биыл наурыздан бастап елімізде жеке тұлғалар да банкроттыққа өтініш бере бастады. Мемлекет бұл бастаманы азаматтардың несие жүктемесін жеңілдету мақсатында қолға алды. Жеке тұлғалардың банкке берешегі жыл санап ұлғайып бара жатыр және оны тежеу әзір мүмкін болмай отыр. Бірінші несие бюросы сараптама орталығының бізге ұсынған мәліметі бойынша, қазіргі уақытта 2023 жылдың наурызында бүкіл қаржы ұйымдары тарапынан халыққа берілген несие көлемі 2022 жылдың наурызындағы көрсеткіштен 27 пайызға асып түскен.
Жоғары базалық ставка несие алушылардың ынтасына кедергі бола алған жоқ
Мұндай динамика соңғы айларда да байқалып отыр деп хабарлайды бюро. 2023 жылдың сәуірі 2022 жылдың сәуірінен 31 пайызға, биылғы мамыр былтырғы мамырдан 35 пайызға жоғары болған. Тиісінше, маусымда көрсеткіш біршама төмендеген. Бірақ өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда биыл маусымда берілген несие көлемі 25 пайызға жоғары.
«2023 жылдың маусымында бірегей қарыз алушылар саны 2,4 млн адамнан асқан. Бұл 2022 жылдың маусымымен салыстырғанда 450 мың адамға көп деген сөз. Сәйкесінше, бұл деректерге қарап жеке тұлғаларға несие беру нарығына базалық ставканы жоғарылату туралы шешімнің әсер етпегенін байқаймыз. Бұл бірінші кезекте берілген кредиттер бойынша пайыздық ставканың динамикасында көрініс табады. Мысалы, 2023 жылдың маусымында нарықтың барлық қатысушылары (банк, МҚҰ, т.б.) берген несиелер бойынша ЖТСМ-нің (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) медианды мөлшері 37,5 пайызды құрады. Салыстырар болсақ, 2022 жылы маусымда көрсеткіш 39,4 пайыз болған. Базалық ставка осы уақыт аралығында 14 пайыздан 16,75 пайызға дейін жоғарылады», делінген бюро жауабында.
Бұл орайда қарыз алушылардың әртүрлі сомада кредит рәсімдейтіні және несиелеу өсімі негізінен ірі займ алушылармен байланысты екенін түсіну керек дейді сарапшылар.
«Ең танымал несиелеу түрі – кепілсіз тұтынушылық займ. Маусымда мұндай несиені 2,1 млн қазақстандық рәсімдеді. Бұл ретте олардың жартысы (1 млн-ға жуық адам) 140 мың теңгеден кем емес соманы рәсімдеген. Және керісінше: көп сомадағы кепілсіз тұтынушылық несие алған қарыз алушылардың 10 пайыз үлесіне берілген несиелердің 56 пайызы тиесілі. Ал 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша нарық қатысушыларының жалпы портфеліндегі NPL90+ үлесі 10,5 пайызды құрады», деп мәлімет береді бюро.
Kaspi мен Halyk – кепілсіз тұтынушылық несие нарығының көшбасшылары
Ұлттық банк ақша-несие статистикасының дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша тұтынушылық қарыздардың көлемі 8,5 трлн теңгеге жеткен (бөлшек кредиттеудің жалпы көлемінің 54,2 пайызы).
«2023 жылдың бірінші жартыжылдығында екінші деңгейдегі банктердің жеке тұлғаларға жаңадан берген қарыздарының көлемі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 13,4 пайызға ұлғайып, 5993,2 млрд теңгені құрады (2022 жылғы қаңтар-маусымда – 5286,9 млрд теңге). Тұтынушылық қарыздар портфелі қарыздарының сапасы қалыпты деңгейде», деп мәлімдейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Олардың айтуынша, тұтынушылық кредит беру нарығының көшбасшылары – Kaspi Bank және Halyk Bank. Алғашқысының тұтынушылық портфелінің жалпы сомасының 33 пайызы, Halyk кредиттерінің 23,9 пайызы – тұтынушылық қарапайым несиелер.
«Банк секторының кредиттері негізінен еліміздің ірі қалаларында – Алматы (28,3 пайыз) және Астанада (16,9 пайыз) шоғырланған. Оның ішінде ипотекалық қарыздар портфелі ірі экономикалық орталықтарға да тиесілі: Астана қаласы (29,8 пайыз), Алматы қаласы (24 пайыз) және Қарағанды облысы (6,3 пайыз). Тұтынушылық қарыздар портфелінің үштен бір бөлігі Алматы қаласына (31,7 пайыз) тиесілі, Астана және Шымкент қалаларындағы үлесі тиісінше 9,8 пайыз және 8,1 пайызды құрайды. Агенттіктің 2021-2022 жылдары жүргізген әлеуметтанушылық зерттеуінің деректеріне сәйкес, респонденттер арасында кредиттік қызметтерді тұтынушылар саны басым, әсіресе, онлайн-кредит беру (42,3 пайыз), автокредит беру (40,2 пайыз), микрокредит беру (43,3 пайыз). Соңғы екі жылда респонденттер көбінесе тұрғын үй кредитін немесе ипотеканы (39,1 пайыз) пайдаланды. 2022 жылы тауарлық кредитті респонденттердің 23 пайызы, 2021 жылы 36,9 пайызы пайдаланды», деп хабарлады Агенттік.
Агенттік сонымен қатар жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің өзгеруіне қатысты да пікір білдірді. Бұл қазіргі уақытта кепілсіз тұтынушылық несие бойынша белгіленген 56 пайыздық ЖТСМ-ге байланысты. Қаржы нарығының кейбір өкілдері біраз уақыт бұрын ЖТСМ мөлшерін 56-дан 40 пайызға дейін түсіру туралы ұсыныс айтқан болатын.
«Бүгінгі күні кепілсіз банктік қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 56 пайызды құрайды. Бұл мән Ұлттық Банк Басқармасының 2012 жылғы қаулысымен белгіленді және содан бері өзгерген жоқ. Осыған байланысты, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлемелерді шектеу үшін Агенттік нарықтық жағдайларға байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша ЖТСМ-нің шекті мәнін реттеуді ұсынады. Осылайша, ЖТСМ-нің шекті мәнін есептеуді пайыздық маржа, тәуекел үшін сыйлықақы, операциялық шығыстар және қорландыру құны сияқты 4 фактордың деңгейіне байланысты жүзеге асыру ұсынылады. Фонацияның негізгі бөлігін депозиттік база құрайды. Өз кезегінде, депозиттер бойынша мөлшерлемелер базалық мөлшерлемеден (16,75 пайыз) туындайды, ол арқылы ҚР ҰБ инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізу мақсатында экономикадағы ақшаның құнын айқындайды. Банктердің бизнес-модельдерінің кредиттік мөлшерлемелерге әсерін есепке алу үшін ЖТСМ-ді есептеуді стандартты ауытқуды ескере отырып, пайыздық маржаның, тәуекел үшін сыйлықақының және операциялық шығыстардың орташа сараланған мәндері негізінде жүзеге асыру ұсынылады. Сонымен қатар Агенттік жоғарыда аталған факторларға байланысты кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отыр», делінген бізге ұсынылған жауапта.
Банкроттыққа 61 мың арыз келіп түсті
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң ережелері уақытпен шектелмейтді, сондай-ақ азаматтар төлем қабілетсіздігі кезінде өздерін банкрот деп тану үшін әрқашан осы заңға жүгіне алады.
«2023 жылғы 4 тамыздағы жағдай бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға 61 178 арыз берілді, оның ішінде ең көп саны Түркістан облысы – 8 920 арыз, Алматы облысы – 7 194 арыз, Алматы қаласы – 4 924 арыз, Жамбыл мен Қызылорда облыстары әрқайсысы – 4 833 арыздан және Астана қаласы – 3 720 арыз. Ал қабылданған арыздардың жалпы саны 9 694 болды, оның ішінде ең көп саны Алматы облысында – 1 154 арыз, Астана, Алматы қалаларында және Жамбыл мен Түркістан облыстарында олардың әрқайсысында 900-ге жуық арыз мақұлданды», деп мәлімдеді біздің сауалдарымызға жауап берген комитет.
Сот банкроттық рәсімі бойынша қанағаттандырылған 18 талап арыз бар, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы – 6, Алматы қаласы – 4, Астана қаласы – 3, Атырау облысы – 2, Батыс Қазақстан облысы – 2, Шымкент қаласы – 1.
Арыздардың басым бөлігі жаз айларында келіп түсті, нақтылап айтқанда – 6 604 арыз. Бұл жалпы келіп түскен арыздардың 10,8 пайызын құрайды.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 2023 жылғы 25 тамызда шығады.