«Алтын Орда» базарында бақылау-касса машиналарын қолданбай ақшалай есеп айырысатын нүктелер анықталған. Базарға кіреберісте және бухгалтерияда тиісті аппараттар болмаған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша «Алтын Орда» сауда базарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 742 жеке кәсіпкер бақылау-касса машиналарын ерікті түрде тіркеген.
«Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ағымдағы жылдың маусымында «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-де хронометраждық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде ЖШС 2022 жылдың 4 тоқсанына 530,4 млн теңгенің кірісін көрсете отырып, қосымша салық есептілігін тапсырды. Қосымша есептелген қосылған құн салығы – 63,6 млн теңге, корпоративті табыс салығы – 106 млн теңгені құрады. Өсімпұлды есептемегенде хронометраждық тексеру нәтижелері бойынша бюджетке барлығы 169,6 млн теңге түсті», делінген баспасөз хабарламасында.
Одан бөлек, Алматы облысы бойынша Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, «Алтын орда» базарында кәсіпкерлік қызметті салық органдарында тіркеусіз жүзеге асыратын тұлғаларды анықтау бойынша рейд жүргізілген. Рейд барысында 12 жеке тұлға анықталып, материалдары сотқа жолданған.
Бұдан басқа, 3 салық төлеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың бірі салық төлеуші кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жіберусіз әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған болса, екі адам тауардың бағасын төмендетіп көрсетіп, аталған тауарды «Алтын орда» базарының аумағында өткізіп отырған.
2022 жылы Алматы мен Алматы облысының халқын арзан жеміс-жидекпен, арзан тауарлармен қамтамасыз етіп отырған базардың басшылығы ауысқан. Жаңа басшылық барлығын реттеуге уәде бергенімен, сауда орнында заң бұзушылықтар тоқтамаған. Саудагерлер көрші елдерден келген топтардың базарды өздігінше бөліп алып, билігін жүргізетінін айтқан.
Ал 2023 жылдың 1 маусымында күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Алтын Орда» базарында анықталған барлық заң бұзушылықтарды жоюды тапсырған болатын. Бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау ұйымдастырып, оның аумағында барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылуын қадағалау үшін мобильдік топ құрылған болатын.