Қазақстанда АЭС салынатын жер өзгеруі мүмкін бе?

Жарияланды

Қазақстанға технология жеткізуден төрт компания үмітті

Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылаудың белсенді кезеңі басталған секілді. 22 тамызда атом станциясының болашақ мекені деп аталып жүрген Алматы облысындағы Үлкен ауылында қоғамдық талқылау өтті. Қатысушылардың айтуынша, тұрғындар жобаға қарсылық білдірген. Бірқатар экологтар АЭС салудың тудыратын тәуекелдерін термелеп, түсіндіруге тырысқан. Энергетика министрлігі болса егер үлкендіктер үлкен жобаға қарсылық танытса, онда басқа жер іздейміз деп мәлімдеді.

«Бізде атом энергетикасын пайдалану бойынша заң бар. Онда құрылыс жүргізілетін орынды әкімдікпен келісе отырып үкіметтің шешетіні айтылған. Сәйкесінше, министрліктің ведомство аралық комиссиясы бірінші станцияны Үлкен маңында орналастыру керек деп есептейді. Біз Алматы облыстық әкімдігінен сұрадық. Олар Үлкен қоғамдастығы жобаны қолдайды деген шартпен өз келісімдерін берді. Біздер қоғамдық тыңдауда айтылған барлық жәйтті назарға алып, талдайтын боламыз. Егер бәрі оң шешіліп, келісім берілсе онда технология мен жеткізушіні таңдауға кірісеміз», деді Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

Оның айтуынша, соңғы сөзді әкімдік айтуы тиіс.

«Содан кейін барып ғана шешім қабылданады. Бірақ станцияны салмас бұрын техникалық-экономикалық негіздеме жасалады. Қоршаған ортаға әсері бағаланып, мүдделі тараптардың пікірлері ескеріледі. Бұл жұмыс енді ғана басталып жатыр. Егер ауыл тұрғындары АЭС құрылысына келісім бермесе, онда ведомство жаңа орын іздей бастайды», деді министрлік өкілі. 

Ал ресейлік «Глобальная энергия» үкіметтік емес ұйымы Қазақстан технологияларды жеткізушілердің шорт-парағын бекітті деп мәлімдеді. Олардың сөзінше, Қазақстанға технология жеткізу бойынша төрт компания үмітті:

  • HPR-1000 реакторымен қытайлық CNNC;
  • APR-1400 реакторымен оңтүстік кореялық KHNP;
  • EPR-1200 реакторымен француздық EDF;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторымен ресейлік «Росатом».

«Аталған шорт-парақта Қазақстаннан тыс жерлерде сыналған технологиялар бар. Мысалы, 2023 жылы Қытайда жалпы қуаттылығы 6,6 гигаватт болатын алты HPR1000 реакторының құрылысы жүрді. Оның құрамына «Фанчэнган» АЭС-інің төртінші энергоблогы, «Люфэн» АЭС-інің бесінші энергоблогы, сондай-ақ «Тайпинлин» және «Чжанчжоу» АЭС-терінің екі-екіден энергоблогы кірді. Өз кезегінде, EPR сериясының реакторлары Франциядағы «Фламанвиль» АЭС-інің үшінші энергоблогында, сонымен қатар Ұлыбританиядағы «Хинкли-Пойнт» АЭС-інің екі жаңа энергоблогында орнатылды. APR-1400 оңтүстік кореялық реакторларымен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» АЭС-інің төртінші энергоблогы жарақтандырылмақ. Аталған реактор Оңтүстік Кореядағы «Саеул» және «Шин-Ханул» АЭС-терінің энергоблоктарына да қондырылады», деп жазады олар.

Бұған дейін «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин егер биыл жеткізуші анықталып, Үкіметтің тиісті қаулысы шықса және құрылыс жұмыстары басталса, онда ол өз мәресіне 2034 жылы жетуі тиіс деп айтқан болатын.

«Глобальная энергияның» хабарлауынша, Қазақстанда АЭС салу электр генерациясы көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, Қазақстан сияқты үлкен елде тек «жасыл» энергетикаға басымдық беруге болмайды.

«Қазіргі уақытта 133 жаңғырмалы энергия көздерінің нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың санын арттыру бойынша жоспар бар. Елімізде 48 жел электр станциясы және 47 күн электр станциясы жұмыс істейді. Алайда өкінішке қарай, жаңғырмалы көздерден алынатын энергия тұрақты емес. Жаңғырмалы энергия ауа-райы жағдайына тәуелді. Жел болмаса – энергия да болмайды», дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз