Жаңалықтар

Арабтың MASDAR компаниясының басшысы «Самұрық Қазына» директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды

Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи / utilities-me.com

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесіне жаңа мүше сайланғанын Қазақстан қор биржасына хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, оның аты-жөні Мұхаммед Жамил Әл Рамахи.

«Енгізілген өзгерісті ескере отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесі жеті адамнан тұрады: Смайылов А.А., Жәмішев Б.Б., Лука Сутера, Қуантыров А.С., Жақыпов Н.К., Сүлейменов Т.М., Мохаммед Джамиль Аль Рамахи», делінген хабарламада.м

Мұхаммед Жамил Әл Рамахи, БАӘ-ндегі Masdar компаниясының бас атқарушы директоры. Ол компанияда 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2016 жылы бас директор болып тағайындалғанға дейін қаржы директоры және бас операциялық директор лауазымдарын атқарды.

Masdar компаниясы – Abu Dhabi Future Energy Company деп те аталады. Ол БАӘ-дегі жаңартылатын қуат көздерін өндіру саласындағы мемлекеттік компания, Абу-Даби қаласында қоныс тепкен.

Биыл 16 қаңтарда Президент Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барған болатын. Осы Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесіп, ол компанияның елімізде ірі жел электр паркін салу ниетін құптайтыныны мәлім еткен еді.

2023 жылы 31 мамыр күні Masdar компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры ЖЭС салуды жоспарлап отырғаны хабарланған еді.

5 маусым күні «Masdar» компаниясы Жамбыл облысында жел электр станцияларын салатыны хабарланған болатын.

2020 жылы 21-қаңтарда  Өзбекстанда құны $100 млн-ды құрайтын елдегі алғашқы күн электр станциясының құрылысы басталатыны хабарланды. Оны Науаи облысында салу жөніндегі тендерді Біріккен араб әмірліктерінің Masdar компаниясы ұтып алғанын жазған едік.