Қазақстан экономикасын дамытуда БАӘ рөлі қандай?

Жарияланды
Президент Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды

16 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. БАӘ – өңірдегі басты экономикалық серіктестердің бірі. Екі ел арасында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар алда жүзеге асуы мүмкін әлеуетті жобалар да баршылық. Біз үшін БАӘ-нің инвестициялық потенциалы аса қажет екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының сапары зор маңызға ие.

Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, анағұрлым таза әрі «жасыл» әлем жолындағы орнықты даму баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Халықаралық қоғамдастық климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландыру мәселесіне қатысты міндеттемелерін арттыра түседі деп сенеміз. Бүгінгі жиынның маңыздылығы да – осы. Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің ұзақмерзімді міндеттемелерін айқындады. Іс жүзінде еліміз Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Сол сәттен бері біз экономиканы әртараптандыруға және жаңартылатын энергия көздері мен орнықты технологияларды ілгерілетуге бағытталған барынша теңгерімді, ұтымды саясатымызды қалыптастырдық, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды. 

«Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну  үшін  нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия  ресурсы пайда болады. Бұл  орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады» деді.

Әрине, Президент сөзінің астарынан көп нәрсені түсінуге болады. Қазір еліміз энергетикалық қиындық қыспағында тұр. Сәйкесінше, бізге балама энергия көздерін лайықты деңгейде дамытуға серпін беретін инвестициялық қуат көзі қажет-ақ.

Мемлекет басшысы Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен де кездесті. Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Президент Abu Dhabi Ports Group компаниясының Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамытып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде келісімге қол қою жоспарын құптады.

Былтыр жыл соңында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Abu Dhabi Ports басшылығымен кездесіп, тараптар теңіз және жағалаудағы жүк тасымалы саласы, Каспий өңіріндегі сауда флоты мен танкерлерге инвестиция салу және даму мәселелерін талқылаған еді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі толыққанды көлік хабына айналуға ниетті екенін және көлік бағыттарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін белсенді дамытып келеді.

Abu Dhabi Ports компаниясы Каспий теңізі мен жалпы өңірдің көлік-логистика саласында өзара тиімді серіктестік орнатып, түрлі теңіз қызметі мен шешімдер ұсынуды көздеп отыр.

Жалпы, екі ел арасында бұған дейін де бірнеше инвестициялық жобалар келісілген. Солардың қатарында автомобиль жолдары бойынша да жобалар бар. Мәселен, Al Badie Group for Trading and Investment (ABG) компаниясы Қазақстанда ірі автожолдар жобасын қаржыландыруға және жүзеге асыруға мүдделі. Оның аясында республикалық маңызы бар тасжолдар да модернизацияланбақ.

Ал «Ayana Holding» компаниясы Қазақстанда көпфункционалды тұрғын үй және коммерциялық кешен салғысы келеді. Бұл туралы 2022 жылы шілдеде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен «Ayana Holding» компаниясының басшысы Абдулла бен Лахеджа кездесуінде мәлім болған. Астанада салынуы мүмкін «The Grand Mosque Residences» кешенінің құны 2 млрд долларға бағаланып отыр.

Былтыр өмірден озған БАӘ шейхі Халиф бен Заид әл Нахаян Астана қаласындағы мектеп құрылысына – 13 млн доллар, Шымкенттегі перинаталды орталыққа – 25,5 млн, «Қарағанды – Астана» автожолын реконструкциялауға 22 млн бөлген. Пандемия кезінде де әмірліктер алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды, атап айтқанда 100 тонна медициналық бұйымдар мен антисептик заттарын, арнайы киімдер жіберді.

2005-2022 жылдар аралығында БАӘ Қазақстанға 2,9 млрд доллар инвестиция құйған. Қазір екі елдің бірігуімен жалпы құны 5,3 млрд долларды құрайтын 28 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Еске салайық, 2022 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Қазір елімізде БАӘ қатысуымен 273 компания жұмыс істейді. Оның 252-сі шағын кәсіпорындарға тиесілі.

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан кәсіпорындарына БАӘ инвестицияларының жалпы сомасы 146,6 млн долларды құрады. Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт 555,5 млн долларды құрап, 8,0 пайызға төмендеген (2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда), импорт 54,8 млрд долларды құрап, 2,0 пайызға өскен.

Еліміз әмірліктерге негізінен шикі мұнай, мыс және мыс катодтары, қой немесе ешкі еті, легирленбеген болаттан жасалған ыстықтай илектелген жазық илек,  өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар экспортайды.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мәліметі бойынша, Қазақстанның БАӘ-дегі экспорттық әлеуеті 100 тауар түрі бойынша 336,5 млн долларға бағаланады.

Сондай-ақ оқыңыз