«АрселорМиттал Теміртау» активтерін кім және қаншаға сатып алуы мүмкін?

Жарияланды

Қазақстан билігі 22 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясының елден кететіні жайлы саяси шешім қабылданғанын және акционерлермен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады. Кейбір ақпаратқа сүйенсек, болашақ сатып алушылардың бірі – ресейлік тау-кен металлургиялық «Северсталь» компаниясы болуы мүмкін. Осы ретте «Курсив» сарапшылармен сұхбаттасып, AMT активтерін тағы кімге және қаншаға сатуға болатынын сұрады.

«АрселорМиттал Теміртаудың» тағдыры туралы мәселенің көтерілуіне 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында бес кенші қаза тапқан апат себеп болды. Осыдан кейін қазақстандық билік пен қоғам қайраткерлері АМТ-ның Қазақстаннан кетуі жайлы сөз қозғай бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай апаттар АМТ-ның Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді деп мәлімдеді. Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов АМТ шахталарындағы қайғылы оқиғаға кәсіпорын иелері кінәлі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.

2021 жылдың қыркүйегінде AMT Қазақстан үкіметімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Соған сәйкес, AMT алдағы 10 жылда кемінде 3 миллиард доллар инвестиция салуы тиіс. Смайылов АМТ кәсіпорындарында адам өліміне әкеп соққан қайғылы оқиға қайталанып отырғанын, қажетті көлемде қаражат бөлінбегенін айтып, «компания басшылары туралы үлкен мәселе қойылып, істің соңына жететінін» мәлімдеді.

Тәуелсіздік жылдары «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында 160-қа тарта кенші қаза тапқан. Kursiv.kz шахтадағы апаттан қайтыс болғандар туралы ақпаратты жинақтаған еді. Осы уақыт аралығында Қазақстан шахталарында оннан аса ірі апат болған.

22 тамызда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистерге билік AMT акционерлерімен олардың Қазақстаннан кетуі туралы келіссөз жүргізіп жатқанын және бұл мәселе бойынша саяси шешім қабылданғанын айтты. Жамаубаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізіп жатыр деді.

«Бұл мәселемен белгілі бір адамдар тобы айналысуы керек. Ол үшін маңызды келіссөздер жүргізілуі қажет. Сондықтан әркім өзінше пікір білдіргені дұрыс болмайды. Сондай-ақ бұл келіссөз процесіне әсер етуі мүмкін. Мәлімдеме жасалды. Саяси шешім қабылданды деп ойлаймын. Сол себепті жұмыс істейміз», – деді Жамаубаев.

Митталдың Қазақстаннан кетуі қандай қауіп төндіреді?


Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Лакшми Миттал Қазақстаннан тез әрі оңай кете қоймайды деп пайымдайды. Сарапшы тағы бір «Стати ісі» туындауы мүмкін екенін алға тартады.

«Бұл мәселе тез және ауыр салдарсыз шешіледі деген үміттемін. Қазіргі акционерлерден кәсіпорынды мемлекет меншігіне агрессивті түрде тартып алсақ, болашақ инвесторларды үркітіп алуымыз мүмкін. Яғни, инвестклиматқа кері әсер етеді. Сондықтан майлы жіліктің басы ұстап қалу үшін емес, қазіргі инвестордың инвестициялық келісімдерді бұзғанын, орындамағанын, сол себепті онымен келісім-шарт үзілетінін барынша ашық көрсетуіміз керек. Түйкілді тез шешеміз деп, инвестициялық ахуалымызға қауіп төнгенін қалаймын», – дейді Чеботарев.

Белгілі саясаттанушы Петр Своик егер Лакшми Миттал Қазақстаннан кетсе, КарМеттің (АрселлорМиттал Теміртауға тиесілі Қарағанды ​​металлургиялық зауыты) тағдырына қатысты екі үлкен мәселе туындайтынын айтады. Біріншіден, КарМет – қазір бүкіл әлем бойынша таралған Миттал кәсіпорындары жүйесінде жұмыс істейді және басқа салалар үшін шикізат жеткізушісі болып отыр. Миттал кеткеннен кейін, Қазақстан бұл жүйеден айырылып қалады. Екіншісі – қазір зауыттың тозығы жетіп тұр, осы жылдары зауыт тек сыртқа пайда жіберу үшін жұмыс істеп келген.

«Мәселеге тіке қарасақ, осы жылдары шетелдік инвестор қазақстандық зауытқа қаржы салу емес, одан көбірек табыс табуға тырысқан. Соның ішінде еңбекақыны үнемдеу және жаңғырту да бар. Жаңа инвестор KarMet өнімдерін басқа жаққа жеткізумен қатар, зауытты жаңарту үшін өте қомақты қаражат табуы керек», – дейді сарапшы.

AMT активтерін кім сатып алуы мүмкін?

Чеботаревтің пікірінше, қазақстандық компаниялар бұндай ауыр активті сатып ала қоюы екіталай. Өйткені зауыттарды жаңғыртуға қомақты инвестиция қажет.

«Бұл өте ауыр актив, оған көп инвестиция қажет. Оған қоса, қазіргі инвестордың қай кезеңде кететіні белгісіз. Сондықтан бұл қандай да бір стратегиялық шетелдік инвестор немесе біреудің біртұтас басқаруындағы инвесторлар консорциумы болады деп ойлаймын», – деді сарапшы.

«Финам» ресейлік қаржы тобының сарапшысы Алексей Калачев «Северсталь» компаниясының AMT-ды сатып аларына күмән келтіреді.

«ArcelorMittal – халықаралық корпорация. Сондықтан мұндай транзакциял үшін ол көптеген, соның ішінде Ресейге «қарсы» елдердегі реттеушілерден рұқсат алуы керек. «Северстальді» бақылайтын Алексей Мордашов санкция астында отыр. Бұндай мәмілеге Еуропа елдері рұқсат беруі екіталай», – деп сенімді Калачев.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов АМТ-ның «Самұрық-Қазынаға» берілетініне сенімді емес, өйткені қордың мұндай ірі жобаларды басқаруға тәжірибесі мен құзыреті жетпейді. Ол «Тау-Кен Самұрық» («Самұрық-Қазынаның» бөлімшесі) өзінің акциялары бар тау-кен металлургиялық компаниялардың жұмысына араласпайтыны, бірақ миноритарлық акционер екенін айтып өтті. Расул Рысмамбетов АМТ сатуға болатын шамамен соманы да атады.

«Бұл шамамен 100 миллион долларды құрауы мүмкін. Оған қоса Due Diligence өтеді, өйткені шығын өте жоғары», – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан билігі министр Жамаубаев арқылы АМТ сатылатынын «хабарлап отыр».

«Северстальмен» қатар, қытай, үнді және орыстар бар. Олардың қайсысы ең ықтимал инвестор екенін айту әлі қиын. Бұл екі аптаның емес, бір-екі айдың шаруасы деп ойлаймын», – деп есептейді Расул Рысмамбетов.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев та әлеуетті сатып алушылардың қатарында Қытай мен Үндістанды атады. Дегенмен, ол егер бұл актив Митталдан алынса, онда ол ресейліктерге тікелей емес, әртүрлі «еншілес» компаниялар немесе бірқатар қорлар арқылы берілетінін алға тартады.

«Соңғы бенефициары белгісіз бір компания сатып алса, оның санкцияға ұшырау қаупі бар. Қазақстан билігі осыдан қорқады. Бірақ соңғы бенефициарлары ресейліктер болуы бек мүмкін. Бұл Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан жаман деп айта алмаймын. Мысалы, ресейлік «Еурохим» Қазақстанда көп жылдан бері жұмыс істеп келеді, «Қазатомөнеркәсіптің» де Ресейдің үлесі бар», – дейді Арман Бейсембаев.

Сарапшы AMT активтері «майлы жіліктің басы» екенін, сондықтан Қазақстан оларды қымбатқа сатып, жақсы пайда таба алатынын айтады. Сатып алушы кез келген жағдайда инфрақұрылым мен қауіпсіздікке инвестиция салуы керек.

«Бұл, әрине, келісім-шарт талаптарында жазылып және түпкілікті құнына әсер етеді. Қанша боларын мент нақты айта алмаймын. Инвестордың келісім шарттарын орындауы мемлекеттің ерік-жігеріне байланысты. Ешбір инвестор талап етпейінше, қауіпсіздікке ақша салғысы келмейді, тіпті салмайды», – деп түйіндеді сарапшы.

ArcelorMittal Қазақстандағы болат және тау-кен өндіруші ArcelorMittal Теміртау компаниясына иелік етеді. АМТ- жалпы өнеркәсіп өнімінің 25 пайызын құрайтын Қарағанды ​​облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. AMT жалғыз акционері ArcelorMittal Holdings B.V. – Нидерландыда тіркелген компания.

.

Сондай-ақ оқыңыз