МАЭК-ке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 9,4 млрд теңге бөлінген

Жарияланды
маэк
Фото: МАЭК

Маңғыстаудағы атом-энергетикалық комбинатында жөндеу жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен қажетті қондырғыларды сатып алу үшін 4,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Маңғыстау облысының  әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп жазады Ақорда.

Ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысына есепті кезең ішінде өңірде жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылғанын айтты. Жалпы, қаңтар-шілде айларында өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 523 миллиард теңгені құрады.

Өңірде ауызсу тапшылығын шешу үшін 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде тұшытылған судың көлемін 146 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

«Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыс әкіміне Маңғыстау өңірі энергетикалық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясындағы міндеттерді іске асыруды тапсырды», делінген хабарламада.

Естеріңізге саламыз 11 тамыз күні Маңғыстау атом энергетика комбинатында апат болған еді. Салдарынан Маңғыстау облысында электр энергиясын тұтынуға шектеулер енгізілді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында электр энергиясының шектелуі өндірілетін мұнай көлеміне әсер еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз